Шымкенттік студент үздік жүздіктің қатарында

125

Шымкенттік студент республика бойынша үздік жүз студенттің қатарында. Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің 4-курс студенті кафельдерді қолдану арқылы Қазақстаннның картасын жасаған.

Еңбегі жоғары бағаланып, нәтижесінде қомақты жүлдеге де ие болған. Ұстаздарының сүйікті шәкірті бола алған оның алдағы арманы мен мақсаты да айқын.

Шымкенттегі Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің студенті Дастан Өмірзақ еліміздегі үздік 100 студенттің қатарында. Ол кафельдерді кесіп, түрлі пішінмен жабыстыру технологиясын жетік меңгерген. Сол арқылы жасаған жұмысы республикалық жарыста көзге түсіп, жүлделі марапат алған. Алайда, құрылыс мамандығында оқитын оның арманы жүлде емес, елді көркейту екен.

Дастан ӨМІРЗАҚ, Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің 4 курс студенті: «Әрбір қазақ жалғызым. Әр үй әр отбасының өз баспанасы болуы керек. Сол жағынан қамтамасыз ету. Құрылыс мамандығының меңгерушілері, ұстаздар сол арқылы маған көмектесіп, былай айтқанда қолдау берген осы апайлар, ағайлар болатын. Енді одан бөлек те өзім істеп жүрген едім. Әкем өзі осы мамандық бойынша меңгеруші. Сол жағынан маған көмектесіп жүрді».

Дастан бұл өнерін қосымша табыс көзіне де айналдырған. Сөзінше туыстарының үйінде кафельдерін жабыстырып бастаған оған ақырындап тапсырыс түсе бастаған. Қазірдің өзінде бір айда 4-5 адамнан тапсырыс алып жүр.

Дастан ӨМІРЗАҚ, Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің 4 курс студенті: «Екінші курстан бастадым шыны керек тапсырыс алуды. Кейде біреу аласың, айына біреу алдым. Кейін екеу-үшеу. Қазір 4-5 шығады шамамен. Квадратына қарап есептеп істеймін».

20 жастағы Дастанның бұл саладағы ұстаздары да оның еңбекқорлығына тәнті. Кез-келген істі тындырымды жасайтындығын айтады. Әрі үздік 100 студенттің қатарынан көріну арқылы замандастарын бұл салаға одан сайын қызықтыра түсті дейді.

Ұлжан ИБРАИМОВА, Дастанның жетекшісі: «Дастанның үлгерімі жақсы. Сабағы да жақсы. Осы теорияны практикада өте жақсы көрсетіп, енді балдарды таңдау кезінде де өзінің ынталылығы, кәсібилігі ерекше. Енді болады ғой әр адамда. Сондай ерекшеліктерімен осындай жарыстарға қатыстыруға мүмкіндік болды. Енді айта кететін қызық жағдай осы жарысқа қатысып дауыс бергеннен кейін студенттердің қызығушылығы өте артты».

Ізденісімді тоқтатпаймын деген Дастан Өмірзақ қазірдің өзінде тағы бір республикалық байқауға қатысуға дайындық үстінде екен. Ол сайысты да бағындырып, жүлдемен ораламын дейді ол.

Мөлдір Ибадуллаева