Вакцина салдырғандар маскасыз жүре алады

271

Коронавирусқа қарсы екпенің екі компонентін де қабылдаған азаматтар енді маскасыз жүре алады. Бұл туралы бүгін Шымкенттің бас дәрігері Бақытжан Позилов айтты.

Басқарма басшысының сөзінше, жаңа қаулы бірер күнде жарияланады. Осыдан кейін вакцинаны толық салдырғандарға құжат беріліп, бетпердесіз жүруге рұқсат етілмек. Ал, екпе қабылдамаған азаматтардың алды өкінішке орай ажал құшуда. Күні кеше 36 жастағы шымкенттік келіншек квиден көз жұмды. Оның артында 3 баласы мен жолдасы қалды.

Бақытжан ПОЗИЛОВ, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Соңғы аптада бізде 3 адам қайтыс болды. Оның біреуі күні кеше тіркелді. Ол 36 жастағы келіншек. Артында 3 баласы қалды. Белгілі болғандай ол вакцина салдырмаған екен. Сондықтан да қала тұрғындарын екпе қабылдауға, немқұрайлы қарамауға шақырамыз».

Айта кетейік, қазіргі таңда 600-ден аса шымкенттік коронавирустан емделуде. Оның 14-і жансақтау бөлімінде өте ауыр халде жатыр. Жалпы жыл басынан бері 26 жерлесіміз қауіпті вирус жұқтырып жан тапсырды. Оның басым бөлігі той-думанда жүріп індет жұқтырғандар дейді қаланың бас дәрігері.

Бақытжан ПОЗИЛОВ, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «2020 жылмен салыстырғанда қазіргі таңда ауруханаға түсіп жатқан науқастардың саны, ауруханаға түсіп жатқан жансақтау бөліміне түсіп жатқан науқастардың жасы ерекшеленеді. Биыл жас адамдар өте көп. Және де қайтыс болып жатқан жастарымыз өте көп. Қайтыс болған адамдардың көбісі той-думанда жұқтырған».

Назерке Үкібасова