Úı ANONS 10 жылдық қоқыс

10 жылдық қоқыс

Шымкентте Бадам өзені маңында қоныстанған тұрғындар он жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселенің зардабын тартып отыр. Айтуларынша, олардың көшесінде жол жоқ, жарық та жанбайды. Ал бейберекет құрылыс қалдықтары жыл сайын көбейіп келеді. Проблемадан мезі болған халық биліктен нақты шара күтіп отыр. 

Баян батыр көшесінің бұл бөлігі біртіндеп құрылыс қалдықтарының бейберекет үйіндісіне айналып бара жатқандай. Тұрғындар қоқыстың жиналғанына шамамен он жыл болды дейді. Айтуларынша, үйінді өзен жағалауын абаттандыру кезінде пайда болған. Халық мәселені өз күшімен шешуге тырысқанмен, тығырыққа тірелген.

Арифжан Махмедов, тұрғын: «Мына қоқысты өзіміз шығара алмаймыз. Техника жалдаймыз, бірақ апаратын жер жоқ. Қалалық қоқыс орны «бұл құрылыс қалдығы» деп қабылдамайды. Осы бетон қалдықтарын қайда апарарымызды білмейміз. Мұнда балалар ойнайды, жарақат алып қалуы мүмкін. Мәселені кім шешеді? Қоқысты кім тазалайды? Осы жерге қоқыс жәшігі қойылса жақсы болар еді. Қазір кез келген адам келіп, тағы да қоқыс тастап кетеді».

Тұрғындарды мазалайтын тағы бір мәселе – көше жарығы. Ал жол мәселесі жылдар бойы қозғалғанымен, нақты нәтиже жоқ. Тұрғындардың сөзінше аудан әкімдігі жағдайдан хабардар көрінеді.

Марифжан Махмедов, тұрғын:  «Біздің ең үлкен мәселеміз – асфальт жоқ. Қаланың орталығынан небәрі 6 минуттық жерде тұрсақ та, жол жоқ, бағаналар жоқ. Ал үйге жарық тарту үшін 300-400 метр кабель жалғаймыз. Кешкісін көшеде қараңғы, жарық шам жоқ. Әкімдік келіп, суретке түсіріп кетеді. Трактор бір келіп, аздап жинап кетеді, бірақ мәселе толыққанды шешілмейді. Бізге жол керек, жарық бағаналары керек. Құрылыс қалдығы әлі күнге дейін жиналып жатыр».

Еңбекші ауданы әкім орынбасарының айтуынша, құрылыс қалдықтарын шығару жоспарға енгізілген. Ол тазалық жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын және арнайы техника осы аптада әкелінетінін айтты.

Марлан Жолдахмет, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Иә, бұл көшеде құрылыс қалдықтары бар. Біз оны тазалау жоспарына енгіздік. Алдымен бетон үйінділерін ұсақтау керек, ол үшін арнайы техника қажет. Осы аптада техника жеткізіліп, қоқыс толық шығарылады».

Ал абаттандыру мен көше жарығын орнату мәселесіне келсек, әкімдік өкілдері бұл бағыттағы өтінім энергетика басқармасына жолданатынын айтты. Әзірге жол салу жобада қарастырылмағанымен, әкімдік тұрғындарды қанағаттандыратын балама шешім ұсынуға уәде беріп отыр.

Марлан Жолдахмет, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Қазір бұл аумақтың бос не бос еместігін тексеріп жатырмыз. Егер бос болса, қоғамдық кеңістік ретінде абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Мүмкін сквер, мүмкін серуен аймағы немесе балалар алаңы болады. Бұл мәселені тұрғындармен бірлесе шешеміз».

Айта кетейік, бейберекет қоқыс үйінділерімен күресу үшін E-otinish порталы арқылы шағым түсіруге болады. Сонымен қатар, өз аудандық әкімдігіңізге барып, өтініш қалдыруға немесе жағдайды түсіндіруге мүмкіндік бар.

Әсел Мәлік