«Бүркіт» әскери спорттық базасы енді туристік нысанға айналмақ

256

 Шымкенттегі «Бүркіт» әскери спорттық базасы енді туристік нысанға айналмақ. Аймақты таныстыру мақсатында туризм басқармасы «MEDIA CAMP» іс-шарасын ұйымдастырды.

Келушілер түрлі интеллектаулдық ойындарға қатысып, атпен серуендеп, ашық аспан астындағы кино тамашалауға мүмкіндік алды. Ал алдағы уақытта саяхат жасау үшін қанша қаражат керек?

Шымкентте «MEDIA CAMP» іс-шарасы өтті. Қалалық туризм басқармасындағылардың айтуыша, «Бүркіт» әскери-спорттық базасын халыққа туристік объекті ретінде таныту іс-шараның басты мақсаты болып отыр. Мұнда келуші қонақтар түрлі ойындарға қатысып, атпен серуендеп, ашық аспан астындағы кино тамашалауға мүмкіндік алды.

Азамат НҰРЫМБЕТОВ, Шымкент қаласы, туризм және сыртқы байланыс басқармасының бас маманы: «Қазіргі таңда осы отырған қауымға «Бүркіт» әскери базасында экскурсия өткізеді. Экскурсия аяқталғаннан кейін интеллектуальды ойын өткізетін боламыз. Яғни оның ішінде сұрақтар әлбетте туризм саласы, Шымкент қаласының тарихы, Сайрам тұрғын алабы жайлы тарихи сұрақтар кездесетін болады. Одан кейін арнайы бейнефильм даярланған. Оны да халыққа ұсынатын боламыз».

Интеллектуалды ойындар барысында командалар туризм тақырыбына қатысты сауалдарға жауап беріп, өзара үздіктер анықталды. Үш кезеңнен тұратын жарыс жеңімпаздары туристік фирмалар тарапынан өңіріміздің киелі орындарына тегін жолдамаға ие болды.

Бұл аймаққа саяхат жасау үшін екі адамға арналған туристік пакет құны 60 мың теңгені құрайды. Оның ішіне парашюттан секіру, атқа міну және құлпынай бағына барып жемістен дәм тату кіреді екен. Бірақ паршюттан секіру үшін алдын ала 5 сағаттық дайындық керек. Әрі келушілерге екі парашют беріледі екен, бірі істен шықса, екіншісі автоматты түрде ашылады дейді мамандар. Халық мұндай адреналинды сезінуі керек деген туризм саласындағылар неліктен «Бүркіт» базасын таңдағанын да тілге тиек етті.

Роза ШҮКЕНОВА, Ішкі туризм туроператоры: «Бізде өте көп маршруттар бар. Тарихи жерлер, киелі жерлер. Соған мына тамаша жаңа жерді қосқымыз келеді. Біздің Шымкент бойынша көп адамдарымыз білмейді. Мысалы, самолеттан секіруге, мынандай демалыс орнын бар екенін білмейді көбі. Сол соның бәрін жеткізуге тырысудамыз».

Айта кетейік, туристік нысанға айналдырамыз деп отырған бұл спорттық базада нұсқаушы, ұшқыш, авиатехник пен дәрігері сынды жалпы саны 12 қызметкер жұмыс жасайды.

 Мөлдір Ибадуллаева