Шымкентте мәдениет қызметкерлері марапатқа ие болды. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі өңіріміздің бай мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосқан қызметкерлерге төл мереке қарсаңында «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет майталманы» төс белгісі мен «Құрмет» грамоталарын табыстады.
Бүгін 45 жыл осы салада қызмет еткен Әуесхан Есенжоловтың да еңбегі еленді. Бұл шараның маңыздылығы жоғары деген ол ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.
Әуесхан ЕСЕНЖОЛОВ, ҚР мәдениет қайраткері: «Осыны ұйымдастырып жатқан басшыларға, азаматтарға рахметімізді айтамыз. Жалпы мәдениет саласы қызық та қиын сала. Біреулерге бір жеңіл көрінетін болу керек, ондай емес. Журналистер, тілшілер жалпы мәдениет қызметкерлері қандай қиындықта айлығы төмен болса да халықтың алдында ерекше көңілменен, ашық-жарқын болмыспенен қызмет етіп жүрген жандар. Сондықтан оның арнайы күні белгіленіп, тойланып марапатталуы ол адамның еткен еңбегін бағалау деген сөз».
Айта кетейік, құрметке бөленген 17 азамат Түркістан облысы мен Шымкент қаласының мәдениет қызметкері. Олар өз әріптестерін алдағы төл мерекемен құттықтады.
Мөлдір Ибадуллаева