Н.Нығматуллин Б.Мусинге «Елден ұят емес пе?»

291

Қазақстандағы мыңнан аса ауыл әлі күнге дейін интернетке қол жеткізе алмай отыр. Осылай деген инновация министрі жағдайды келесі жылдың соңына дейін түзейміз дейді. Бірақ, бұған мәжіліс төрағасының күмәні бар. Себебі осыған дейін креслода отырған министрдің барлығы құрғақ уәдемен құтылып кеткен екен.

Мыңдаған ауылда әлі күнге дейін интернет жоқ. Мұны үкімет те мойындап отыр. Министр Бағдат Мусиннің сөзінше, ауылдардағы интернет мәселесі мұнымен бітпейді. Тағы қаншама елдімекенде интернет сапасы өте нашар екен.

Бағдат МУСИН, ҚР ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: «Қазіргі таңда 1200 ауылды мекен бар, мүлде интернет жоқ. Қалған 510 елді мекенде интернет сапасы өте төмен. Бірінші кезекте осы 500 ауылды толыққанды интернетпен қамтуды көздейміз 2022 жылдың соңына дейін».

Ал мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин мұндай уәдені жылда еститіндерін айтады. Алайда өзгерген дәнеме жоқ екен.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: «Жас министрсіз. Жаңа ғана келдіңіз. Парламент сізді қолдады. Комитеттерде рұқсат берілді сіздің тағайындауыңыз болған кезде. Осы жұмыстарды бір нәтижеге апарыңызшы. Жарай ма? Елден, халықтан ұят емес пе? 5 рет уәде берген бұрынғы министрлер. 5 рет жылжытты. 2012 жылдан бастап. Құдай қаласа, ендігі жылы 10 жыл болады».

Мәжіліс отырысында Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру шартының жайы да қаралды. Министр Бағдат Мусин сәйкес заң жобасын таныстырды.

Бағдат МУСИН, ҚР ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: «Біздің тарапымыздан тек қана жалға беру мәселесі емес сол Байқоңырда өзіміздің старттарымыз пайда болып, сол старттарды қолдануға әкеліп туғызады. Байқоңырымызды пайдалану үшін өзіміздің бағдарлама, өзіміздің жоспарларымыз болған жақсы»

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Назерке Үкібасова