Ө. Шөкеевтің орынбасары парамен ұсталды ма?

119

Түркістан облысы әкімінің орынбасары парамен ұсталды. Күні кеше бірқатар телеграм каналдарда осындай ақпарат тараған болатын. Және онда Мейіржан Мырзалиевті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрықтағаны айтылған. Алайда араға бір күн салып агенттік өкілдері бұл тараған мәліметке қатысты ресми жауап қатты. Сөздерінше, Өмірзақ Шөкеевтің орынбасары қылмыстық істе күдікті ретінде емес, куәгер ретінде тартылған.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі: «Мырзалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде шақырылды. Ол күдікті ретінде танылған жоқ, оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмады».

Ал, облыс әкімдігі болса, Мейіржан Мырзалиевтің денсаулығына байланысты уақытша демалысқа шыққанын алға тартып отыр. Және аймақ басшысының орынбасары «гипертониялық криз» диагнозымен емделіп жатқанын айтады.

Айта кетейік, Мейіржан Мырзалиев бұл қызметке 2019 жылдың наурызында отырған еді. Және инвестиция, экспорт, кәсіпкерлік, экология және туризм салаларына жетекшілік етті.

Назерке Үкібасова