«ShymQala» этно ауылы ашылды

686

Қала әкімі бастаған топ жаңа ауылдың ашылуына қатысты. Ашық аспан астындағы қазақ ауылы Шымкент қаласында бұрын-соңды болмаған. Ал, онда келушілерге алтыбақаннан бастап, қаз-қатар тігілген киіз-үйлер ұсынылыпты.

Бірінде шеберлер домбыра құраса, келесісінде ұлттық киімдер тігілуде. Осылайша әр киіз үйде қала тұрғындарына шеберлік сабағы өткізілмек.

Шеберлік сабағын өткізуге ниеттілердің бірі – Күләш Айдарбекова. Кілем тоқу шебері осылайша жастарды ескі өнерге баулымақ. Айтуынша, қазақы ауыл оған бірден бір мүмкіндік беретін жер.


Күләш АЙДАРБЕКОВА, тоқымашы: «Менің қазіргі көрсетіп отырғаным кілем тоқу шеберлік сабағы. Бұл жерде кілем тоқып жатырмын. Қазақша. Бұл бұрыннан келе жатқан қазақ өнері. Қазіргі уақытта жастар да көбейіп жатыр осыны үйренетін. Өте жақсы өнеріміз қалып кетпесін».


Этно ауылда бұдан бөлек жәрмеңке де ұйымдастырылады. Туристерді тартуға арналған орталықтың ерекшелігі мұнымен бітпейді. Сондай-ақ театр шатыры мен ашық аспан астындағы сахна да құрылған. Салт дәстүр орталығының басшысы енді мұнда фотосессия жасап, той ұйымдастыруға да мүмкіндік берілетінін айтады.


Бейбітжан МҮСЛІМОВ, Шымкент қаласы салт-дәстүр орталығының директоры: «Адамдар келіп, беташар, қыз ұзату, тұсаукесер, құдалығын өткізуге болады. Оны біздің театр кәдімгідей әдемілеп, музыкасымен, хоровой әндерімен әдемілеп жасап береді. Барлығы ақылы түрде болады. Кіруі тегін. Қалғаны бөлек-бөлек ақылы төленеді. Фотосессия өткізуге арнайы киіз үйде костюмдар болады. Қонақтар келіп фотосессия жүргізе алады».

Назерке Үкібасова