Түн жарымында жалғыз жүрген 3 жасар бала табылды

102

 

Күні-түні қызметте жүретін полицейлер, тәуліктің кез келген уақытында орын алатын түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алып жатады. Мысалы, Жетісай АПБ-нің жедел-тергеу тобының қызметкерлері сағат 04:30 шамасында шақырту бойынша келе жатып, М.Әуезов көшесі бойындағы «Абай» саябағында шамамен 3-4 жастағы кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқап қалады. Тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, таң атпай ата-анасының еріп жүруінсіз жүрген ұл баланың жанына барады. Одан не үшін жүргенін, қайда тұратынын сұрағанда, тілі толық шықпаған бала нақты жауап бере алмайды. Содан полицейлер, оны қауіпсіз жерге Жетісай АПБ-не алып келіп, ас-суын беріп, жағдайын жасайды.

Одан ары баланың ата-анасын анықтап, үйін табу мақсатында ол табылған аумақтағы үйлерді жеке-жеке аралап, жасөспірім баланың фотосуретін көрсетіп, іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Соның нәтижесінде, баланың туыстарын іздеуге шыққан полицейдің бірі ювеналды полиция тобының инспекторы полиция лейтенанты Нұрдәулет Насирбаев, сағат күндізгі 11:00 шамасында жоғалған баланы іздеп жүрген әйелді жолықтырады. Белгілі болғандай, ол бүлдіршіннің нағашы әпкесі болып шықты.

Тексеру кезінде анықталғандай, үй-іші толық ұйықтап жатқанда оянып кеткен бала, үйінен шығып кеткен. Таңертең анасы ұйқыдан тұрғанда қасында баласы болмағаннан кейін, олар полицейлерге хабарламастан өздері іздей берген. Өз кезегінде 3 жасар баланың әпкесі Фатима Бакбергенова полиция қызметкерлеріне рахметін айтып, алғысын білдірді: «Сіздерге үлкен рақмет. Бейуақытта жалғыз жүрген баламызды тауып, аман-есен қайтарғандарыңыз үшін. Қазіргі заманда түрлі жағдайлар болып жатыр. Қорқып кетіп едік. Соңы сіздердің арқаларыңызда жақсы аяқталды. Күндіз-түні ұйықтамай, елдің ұйқысының тыныштығын қадағалап жүргендеріңізге мың алғыс!»-деп, шынайы ризашылығын жеткізді.

QAINAR KÓZТО ПД-ның баспасөз қызметі