Түркістан облысында тауға кеткен 7 жігіт табылмай жатыр. Олар Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем паркі маңындағы Сары-айғыр шатқалына 21 мамырда көтерілген. Содан бері оралмаған оларды қазір құрамында 25 адам бар үш құтқарушы топ іздеп жатыр. Алайда, жұмылған құтқарушылар жұмысынан әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Айта кетейік, төтенше жағдай қызметіне дабыл 25 мамыр күні кешкі сағат 18:30-да түскен.
«Арнайы 3 топ құрылған. Оның ішінде ТЖД 25 қызметкер. Және ағайын-туыстары. Сонымен қатар шекара қызметінен де 4 атты қызметкер іздестіру жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар полиция департаментінен қызметкерлер бөлінген. Арнайы кинологиялық топ та іздестіру жұмыстарын жүргізуде», дейді құтқарушылар.
Тауға шыққан жігіттердің 6-уы Назарбаев университетінің 4-курс студенті. Тағы бірі Кентау лицейінің биылғы түлегі. Олардың барлығы бірдей Түркістан облысының тұрғындары емес.
Екеуі Ақтөбе, үшеуі Атырау, Орал және Жезғазғаннан келген. Белгілі болғандай тауға шыққан туристер 24-мамыр күні жерге түсуді жоспарлаған екен. Алайда, шыңды бағындыруға шыққандардың ізі сол күйі табылар емес.
Назерке Үкібасова