Таудан құлаған туристің денесі табылды

44

4000 метрге жуық биіктіктен құлаған 56 жастағы туристің денесі табылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қолайсыз ауа райынан денені төмен түсіру жұмыстары қиындағанын айтады.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары: «Жаңа түскен қар, күн ашық болуына байланысты қар сырғымалары орын алып жатты. Одан кейін еріген қар салдарынан тастардың құлауы қиындық туғызып жатты. Бүгін толықтай мұздақпен жүріп өтті. Бір бірін сақтандырып жүрді. Мәйітті де тік құз ғой, 70 градустағы мұздық, сол арқылы түсірді. Қазір ары қарай мұздықтан төмен түсіп, кәдімгі жартаспен алып келіп төмен түсіріп жатыр. Орманшылардың 4 атын алдарынан жібердік, ат жүріп жете алатын жерге дейін күтіп алып, одан бөлек қосымша 10 адам көмекке жібердік, көтеріп, төмен түсіруге».

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға үшінші шілде күні Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің аумағында болған. 1967 жылы туған ер адам таудан түсіп келе жатқанда арқан үзіліп, турист мұз бойымен домалап, еңіске құлаған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Ал іздеу-құтқару жұмыстары алтыншы шілдеде басталған еді.

Гүлдана Дәурен