Вакцина салдырған 44 қазақстандықтан кви анықталды

75

Коронавирусқа қарсы вакцина салдырған 44 қазақстандықтан вирус анықталды. Осылай деген еліміздің ақ халаттылары екпені вирустан сақтайтынына кепілдік бермей отыр. Сөздерінше, екпені қабылдаған күннің өзінде сақтанып жүру керек.

Вакцинаның екі компонентін де салдырған 44 қазақстандықтан коронавирус анықталды. Бұл туралы еліміздің денсаулық министрлігінің өкілдері мойындап отыр. Сөздерінше, бұл таң қалатын жағдай емес. Және мұның себебін науқастардың өзінен көрді. Бәріне азаматтардың еркінсіп кетуі себеп дейді мамандар. Және екпеден кейін де сақтық шараларын ұмытпауды ескертті.

Вячаслав Локшин, м.ғ.д., Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті: «Бізде көп азаматтар коронавирусқа қарсы вакцинадан кейін еркінсіп, сақтық шараларына салғырт қарап кетеді. Оның соңы осындай жағдайға ұласып жатыр. Шынымды айтсам, менің өзім де вакцина қабылдағаннан кейін вирус жұқтырдым. Себебі індет жұқтырғандармен байланыста болған екенмін. Айтатыным, вакцина салдырғаннан кейін масканы шешіп тастаудың қажеті жоқ».

Ал, вакцина қабылдағаннан кейін Алматыда 2 азамат, Маңғыстауда 3 тұрғын жан тапсырған. Осы ақпараттың рас-өтірігін сұраған тілші сауалына мамандар нақты жауап бере алмады. Тек Маңғыстауда қайтыс болған азаматтың бұған еш қатысы жоқ деп сендірді.

Айта кетейік, бүгінге дейін Қазақстанда 1 790 356 азамат екпе қабылдап үлгерген.

Манар СМАҒҰЛ, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Саниятариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары: «Осы күнге дейін 1 790 356 қазақстандық коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін қабылдады. Олардың 5214-нен кері әсер анықталған. Яғни, бұл 13 пайыз көрсеткіш. Бірінен тұмау белгісінде байқалатын симптомдар анықталса, бірінде вакцина салдырған жерлері ауырған. Бұл қалыпты жағдай».

Бұдан бөлек жауаптылар қазір үнді штамының де белең ала бастағанын айтады. Сөздерінше, мутациялық вирустың бұл түрі жылдам таралуымен көзге түсуде. Айта кетейік, бұл штамнан бөлек оңтүстікафрикалық және британдық да вирус түрі Қазақстаннан анықталған болатын.

Ерлан РАМАНҚҰЛОВ, Ұлттық Биотехнология орталығының бас директоры: «Штамның үндістандық түрі жылдам таралуда. Және оның қауіптілігі де өзгелеріне қарағанда жоғары боп тұр. Сондықтан сақ болған жөн».

Айта кетейік, осыған дейін еліміз қызыл белдеуде тұрған еді. Бір апта бұрын сары аймаққа ауысты. Ал, шектік белдеуде Қазақстан бойынша 6 өңір бар.

Назерке Үкібасова