Жалпыұлттық халық санағына қандай өзгерістер енгізілді?

71

Тәуелсіз Қазақстанда үшінші рет Ұлттық халық санағы өтеді. Биылғы санақтың бұрынғыдан айырмашылығы көп. Осылай деген статистика департаментінің өкілдері жүйенің еуростандартқа сәйкестендірілгенін айтады. Яғни, бұған дейін тұрғындардың қанша тіл білетіні, некесі мен денсаулығы жалпылай сұралса, енді нақтыланатын болады. Және жұрт санақтан онлайн түрде де өте алады.

Егемен Қазақстанда үшінші рет жалпыұлттық халық санағы ұйымдастырылмақ. Биылғы тіркеудің бұрынғыдан ерекшелігі де көп. Мәселен, бұған дейін тұрғындар тек қағазға белгіленсе, биылдан бастап, интервьюерлер азаматтарды планшетпен тіркемек. Ал, санақшының үйіне келуін күтпеген жұрт өзін онлайн бекіте алады.

Меруерт ЖАҢАБАЕВА, Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары: «1-қыркүйек пен 15 қазан аралығында 45 күн ішінде арнайы Ұлттық халық санағы деген sanaq.gov.kz ресми ашылған. Сол сайттан жеке өз деректерін тіркей отырып, онлайн онлайн тіркеу өте алады».

Бірақ, осыған қарамастан мамандар барлық үйге барады. Егер тұрғын сайт арқылы тіркеліп қойса, интервьюер сұрағына жауап беруден бас тарта алады. Айта кетейік, биыл қойылатын сұрақтар саны да өзгерді. Бұған дейін азаматтарға 73 сауал берілсе, осы жылдан бастап ол 87-ге көбейген.

Меруерт ЖАҢАБАЕВА, Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары: «Егер бұның алдындағы халық санағында санақ парақшаларында 73 сұрақ болса, қазіргі халық санағындағы санақ парақшаларында 87 сұрақ болады. Оның 67-сі нақты сұрақтар. Ал 20-сы нақтылау сұрақтары «.

Осылайша тұрғындардың қанша тіл білетіні, некесі мен денсаулығы жайлы ақпарат нақтыланбақ. Жалпы Қазақстан бойынша қазір тұрғындар саны 18 млн 940 400 адамды құрап отыр. Оның 1 млн 86 мың 497-сі ресми түрді Шымкентте тіркелгендер.

Назерке Үкібасова