Жауын-шашын аз, жоңышқа қымбат …

236

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, мал шаруашылығымен айналысатын қаланың іргесіндегі қожалықтар жауапты кезең саналатын шөп шабу науқанына кіріскен.

Шаруалар үшін жаздың әр күнін тиімді пайдалану маңызды. Жоңышқаның бір пресі былтыр 500 теңге болса, биыл 1200 теңгеге өскен. Фермерлер бұл шекті баға емес, әлі де қымбаттауы мүмкін дейді.
Шаһарда алғашқылардың бірі боп Сайрам тұрғын алабындағы шаруа қожалықтары шабындыққа орақ салды. Қарамұрт ауылындағы мына алқаптағы жоңышқа орымы аяқталуға жақын. Екі комбайн мен 20 трактор жұмылдырылыпты. Тәжірибелі комбайншы Рүстем Мавлановтың пайымдауынша, жылдан жылға жоңышқа шығымы төмендеп барады.

Рүстем Мавланов, комбайншы: Шөп өспеген, жауын-шашын болмаған. Жинау қиын. Лажы жоқ,  амалдап жинап жатырмыз».

Әйтсе де, шаруашылықтар қолда барды шашпай-төкпей жинап алу үшін техниканы тоқтатпай, көп жұмысшы жалдап жатыр екен.

«10 күн болды науқанды бастағанымызға. Қарамұрт ауылында 100 га жоңышқа бар. Арендаға алған жерде былтыр көктемде мақсарымен бірге жоңышқа еккенбіз. 1 мың тонна жоңышқа силос жинауымыз керек «,-дейді зоотехник Абрар Тайжанов.

2008 жылы құрылған шаруашылықта 1000 бас ірі қара мал, 600-ге жуық уақ мал бар. Етті және сүтті бағытта мал бордақылайтын қожалыққа мал азығының жеткілікті қорын жасап алу өте маңызды.

Умитжан Абдиев, зоотехник: «50 га жүгері силос, биыл жауын шашын кем болды, есесіне қатты суық ұрып, шөп жем жоқ. Былтыр бір пресс жоңышқа-500 теңге болса, биыл 1200 теңге жеткен».

Шаруалар мал азығы қымбаттағанына алаңдаулы. Ауа – райының қолайсыздығы мен құрғақшылық жұртшылыққа салмақ салып-ақ отыр. Әйтсе де фермерлер қиыншылыққа мойымай, межені орындауға тырысатынын айтады.

Шынар Оразова