Білім ұяларына күзет қызметін тағайындау үшін 500 млн. теңге қажет

131

Қазақстан мектептеріндегі бейнебақылау камераларының 45 пайызы тиісті талаптарға сай емес. Бұл туралы еліміздің бас педагогы бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді.

Сонымен қоса, мамандандырылған күзет қызметі бүгінгі күні қала мектептерінің 38%-ында ғана енгізілген екен. Білім министрі мен Үкімет басшысы балалардың қаупсіздігін қамтамасыз ету мәселесі негізінде өңір басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Қазір еліміздің барлық мектептері бейнебақылау камералармен 100% қамтамасыз етілген. Десек те, Білім мен ғылым және Ішкі істер министрліктерінің бірлесіп жүргізген мониторингы осы камералардың 55% ғана талаптарға сай екенін көрсетті. Бұл мәселелерді шешу үшін жергілікті бюджеттерден 1,4 млрд. теңге қаражат қарастырылды. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында бейнебақылау жүйелері мәселесі шешімін тапса, Түркістан, Атырау, Жамбыл облыстарында қаражат жеткіліксіз деңгейде қарастырылған. Жергілікті әкімдіктерге тиісті қаражат бөлулерін сұраймыз».

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, өңірде 919 жалпы білім беру ұйымдарында 500 мыңдай бала оқиды. 627 мектепте бейнебақылау камералары талапқа сай емес екен. Мектептерді 100 пайыз сапалы бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат керек.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Өңірдегі 919 мектептің 900-і бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстар 2014, 2015, 2016 жылдары жүргізілген болатын. Министрліктің жаңа бұйрығынан соң 627 мектептегі камера талаптарға сай емес болып шықты. Оның бәрін ауыстыру үшін 2,5 млрд. теңге қажет».

Өмірзақ Шөкеевтің мәлімдеуініше, білім ұяларына арнайы күзет қызметін тағайындау үшін 500 млн. теңге қажет. Өңір басшысы қазіргі таңда тиісті қаржыны іздестірудеміз дейді.

Айта кетейік, елімізде балалардың мектепке тасымалдау үшін 515 мектеп автобустары қажет екен. Оларды сатып алу үшін ағымдағы жылы 22 млрд. теңге көзделген.

 Ақмарал Айтбаева