Жол қозғалысын оңтайландыру мақсатында Шымкентте айналма жол мен Әл-Фараби көшесінде құрылыс қызу жүргізілуде. 7,6 шақырымды құрайтын төрт жолақты жолдың құрылыс барысын шаһар басшысы бақылауына алған.
Мегаполис үшін маңызды күре жолды аяқтау мақсатында бүгінде жоспарлы жұмыстар кестеден озып жүргізілуде. Құны 3 ,5 млрд. теңгені құрайтын нысанда бөлінген қаржының басым бөлігі игерілді. Ағымдағы жылға 787 млн. теңге қаралған. Құрылыс барысында жол түсетін жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі кезеңімен шешілуде.
«Мына үйдің бағалау құны әлі шықпады, барлығын төлеп беремін деп отыр» деп қала әкіміне құрылысқа қатысты мәселелерді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт ИСАХОВ баяндады.
Бұл жолмен көліктер қалаға кірмей Алматы, Ташкент, Түркістан бағытында қатынайтын болады. Жолдың құрылысына, бойын абаттандыруға, жер телімдерін қайтаруға қатысты мердігерлердің ұсыныстарын тыңдаған шаһар басшысы қолдау болатынын жеткізіп, құрылысшыларды да өз міндеттерін орындауға шақырды.
Шынар Оразова