Арнайы экономикалық аймақ кәсіпорындары «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыс күшімен қамтылады

100

 

Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы қала аумағында орналасқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ және аталған аймақтың резиденті «AZALA Textile» ЖШС-мен жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында өзара бірлескен меморандумға қол қойылды.

Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА-да 25 жоба іске қосылып, жалпы 2293 жұмыс орындары құрылған. Ал, 2021-2023 ж.ж дейін 2000-нан аса жұмыс орындарымен тағы 23 жоба іске қосу жоспарлануда.

Осы орайда, орталық өкілдері қаладағы ең үлкен кәсіпорындарының біріне айналған тоқыма» AZALA Textile» фабрикасының басшылығымен кездесті.
«AZALA Textile» серіктестігі сырттан шикізат сатып алмай, өз өнімі өзін толық қамтамасыз етуге жетеді. Мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық қуаттылықпен жұмыс істеуде.

Кездесуде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі түсіндіріліп, атап айтқанда «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс» бағыттарына мемлекет есебінен ақылы жұмыстарға жұмыссыздарды тарту мақсатында келісім жүргізілді.

– Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуі үшін саланың қыр-сырын білетін кәсіби кадрлар керек. Бүгінде мамандар аз, жұмысшылар келсе үйретеміз, шеберлер бар. Өндіріс орнына тоқымашылар, тігіншілер, операторлар және дизайнерлер жетіспейді- дейді кәсіпорын директоры Жанар Кушерова.

Техникалық мамандық иелерін кәсіпорынға тартуды көздеген тоқыма фабрикасының өкілдері мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне қызығушылық танытып, алдағы уақытта керекті мамандарды жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастыруды жүзеге асырмақ.

Айта кетсек, тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажет бұйымдар шығарады. Сонымен қатар, еліміздегі тігін цехтарынан медициналық бетперде жасауға қазір фабриканың сапалы маталарына, бөздеріне сұраныс артқан. Атап айтқанда, кәсіпорын Шымкентпен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларынан тапсырыс алуда.