Шымкент еңбек құқықтары мен арыз-шағымдар бойынша «қызыл» тізімде

105

Шымкентте жыл басынан бері өндірістік жұмыс барысында 12 жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 1 адам жан тапсырған. Сала мамандары негізгі себептерін анықтап, тексеру жүргізген.

Шымкентте жыл басынан бері өндіріс ошақтарында 12 қайғылы оқиға орын алып, салдарынан 1 адам қаза болған. Ал өткен жылы түрлі мекемелерде 16 жазатайым жағдай тіркеліп, 2 адам көз жұмған екен. Осылай деген жауаптылар биыл оқыс оқиға саны біршама төмендегенін атап өтті. Қала әкімі орынбасарының қатысуымен өткен отырыста сала мамандары жиі орын алатын қайғылы жағдайлардың себебі мен салдарын да нақтылады.

Бауыржан Қалжанов, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясының басқарма басшысы: «Негізі жазатайым оқиғалар орын алуы ол көлік оқиғалары 4 жағдай, зардап шегушінің құлауы 4 жағдай, ал уланудан 1 жағдай орын алды.
Жалпы біздің басқарма тұрақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатады. Әр жазатайым оқиғадан кейін бізде тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, материалдар ішкі істер органдарына жолданады».

Қадағалау органдарының мәліметінше, қызмет барысында жол көлігімен орын алатын қайғылы жағдайлар да жиі кездеседі. Мәселен, жыл басынан бері 4 апат болса, оның екеуі жедел-жәрдем көлігімен болған. Салдарынан 2 қызметкер зардап шеккен.

2019 жылы 37 пайызы, 2020 жылы 47 пайызы соңғы 3 айда болады. Сентябрь, октябрь, ноябрь қыс айларында жер тайғақ, жаңбыр қар жауып тұрады сол айларда жағдайға қарау керек.

Жиында еңбек дауларына да қатысты бірнеше мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, түрлі мекемеге түскен арыз-шағымдар мен еңбекақы жөнінде. Мәселен, жыл басынан бері жалпы саны 33 мекеме 1959 қызметкерге 150 млн. теңгеден астам жалақысын өтесе, ал енді 5 кәсіпорын 90 жұмыскерге 15 млн. теңге көлемінде айлық ақысын әлі бермепті.

Еңбек инспекциясындағылардың мәліметінше, қазір Шымкенттегі 11 мекеме еңбек қауіпсіздік стандарты, еңбек құқықтары мен арыз-шағымдар бойынша
«қызыл» тізімде екен. Олар: «Шымкент бас», «Алтын-Дән», «Фиркан», «Отау строй» және тағы да басқалары.

Камила Есенғали