Шымкентте тұрақты донорлар марапатталды

294

14 – маусым дүниежүзілік донорлар күні. Атаулы датаға орай Шымкентте қала тұрғындары мен белсенді жастардың қатысуымен қан тапсыру донорлық акциясы өтті.

Шараның мақсаты – қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып, денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға септігін тигізе алатынын кеңінен түсіндіру болып табылады. Сондай-ақ, бүгін қан орталығының тұрақты донорларына арнайы алғыс айтылып, сый-сыяпат ұсынылды.

Шымкент қалалық қан орталығына арнайы қан тапсыруға келген жандардың қарасы қалың. Барлығы 14 маусым – дүниежүзілік донорлар күніне орай ұйымдастырылған акцияға белсене атсалысуда. Солардың бірі – Нұрлыбек Төлепов. Қан тапсыруды азаматтық борышы санаған ол бірнеше жылдан бері донор болуды әдетке айналдырған. Бүгін жалғыз емес, жора-жолдастарын да ерте келіпті.

Нұрлыбек Төлепов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ауырып жатқан адамдарға көмегім тисін деп бүкіл 1970 жылғы кластастар келіп жатырмыз. Бір-бірімізге звондап, келіп жатырмыз. Әрине, енді менің осы жасымда бүкіл қазақ еліне айтамын, келіп, ешқандай қорықпай, сескенбей қан өткізу керек деп ойлаймын».

Қан тапсыру донорлық акциясының басты мақсаты – донор болу арқылы өзгеге үміт сыйлауға болатынын кеңінен түсіндіру. Аталмыш акцияға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен ерікті жастар, сонымен қатар қаланың өзге де тұрғындары қатысты.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Бүгінгі осы атаулы күнге орай Шымкент қаласында орналасқан қан орталығында үлкен іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Себебі біз осы донорлардың арқасында ғана бұл орталық жұмыс жасап жатыр. Біріншіден осы ұзақ жылдар бойы донор атанған және де жаңадан келіп жатқан донорларға үлкен алғысымызды білдіреміз».

Айта кетейік, қалалық қан орталығы тек Шымкенттің медициналық мекемелеріне ғана емес, жедел жағдайда алыс-жақын көршілес өңірлерге де қан жеткізіп отырады. Жалпы саны 45 медициналық мекемені қан және оның компоненттерімен қамтамасыз етуші орталық қызметкерлері мереке қарсаңында өздерінің тұрақты донорларын арнайы алғыс хатпен марапаттап, сый-сыяпат ұсынды.

Аманкелді Нұрлыбаев, Шымкент қалалық қан орталығының директоры: «Тұрақты келуші донорлардың саны өте көп. Бүгін донорларымызды шақырып, оларға алғыс айтып жатырмыз, рақметімізді айтып жатырмыз. Кішкентай сыйлықтарымыз бар, сол кішкентай сыйлықтарымызды беріп, олармен бірге жұмыс жасап жатырмыз».

Айта кетейік, тәулік бойы қызмет ететін Шымкент қалалық қан орталығына күніне 100-ден аса донор қан тапсыруға келеді екен.

Мөлдір Ибадуллаева