Оқушылар 19 – маусымға дейін оқиды

56

Шымкенттік 121 мың оқушы әлі де мектеп қабырғасында білім алуда. Жазғы мектепке қалған олардың арасында тек үлгерімі төмен оқушылар емес, үздік шәкірттер де бар.

Ұстаздар сөзінше соңғы тоқсанның әдеттегіден айырмашылығы көп. Жазғы сабаққа оқушылар белгіленген бірінші сабаққа емес, екінші сабаққа кешігіп келеді. Осылай деген мұғалімдер шәкірттердің мектепті сағынып қалғанын жасырмады.

Қарақат Үсен биыл 7-сыныпты тек беспен аяқтаған. Осыған қарамастан ол жазғы мектепке де келуді ұйғарыпты. Сөзінше, онлайн мен офлайн аралас білім маусымында түсінбей қалған тақырыптары көп. Енді міне кеткен кемшілікті түзету үшін сабаққа келіп жүр. Айтуынша, аптап ыстықта сабақ оқыған оңай емес.

Қарақат Үсен, оқушы: «Кей кезде біз ойын ойнағымыз кеп, балмұздақ жегіміз келеді. Бірақ, сонда да сабақ маңызды екенін білеміз. Жаздың күні сабақ оқыған ерекше деп ойлаймын. Біз жаздың күні далада жылы кезде көңіл-күйімізді көтеріп келеміз».

Еске салайық, бұған дейін еліміздің бас ұстазы сабақтың 19-маусымға дейін жалғасатынын жариялаған еді. Үлгерімі төмен оқушыларға берілген мүмкіндікті бүгінде беске оқитындар да пайдалануда. Осылай деген ұстаздар оқушылардың бірінші сабаққа бірден келе қоймайтынын да мойындап отыр.

Сапаргүл Файзоллақызы, мұғалім: «Үнемі бірінші сабақта 100 пайыз оқушы келмейді. Екінші сабақта 100 пайыз оқушыларымыз түгелденеді. Ұйықтап қалдым деген әңгімемен келеді. Дегенмен сабақтан қалмайды оқушылар».

5-тоқсанға бару әркімнің өз еркінде. Мәселен, үлгерімі төмен болса да кей шәкірттер сабақты жалғастыруды жөн көрмеген. Ата-аналарының өтінішімен олар білімін үйден алуды жалғастыруда.

Толқын Аюбаева, №77 мектеп лицейінің директоры: «Баласының үлгерімі кішкене төмендеп тұрса да, жазғы мектепке жіберуге қарсы болған біршама ата-аналар кездесті. Ол кісілер үйде қосымша дайындалатындықтарын және елдегі пандемияға байланысты баланың өмір қауіпсіздігі маңызды екенін алға тартты».

Жалпы Шымкент бойынша жазғы мектепте 121 оқушы сабақ алып жүр. Олар тек негізгі пәндерден емес, дене шынықтырумен де шұғылдануда. Одан бөлек ашық аспан астында кітап оқиды екен.