Шымкенттік жас боксшы украиналық аренаны бағындырды

199

Шымкенттік жас боксшы украиналық аренаны бағындырды. Нұрасыл Оралбаев әлемнің сегіз елінен 350 боксшыны жинаған халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, шымкенттік спортшы турнирдің үздік боксшысы атанды.

Оның басты спорттық арманы – бокстан Олимпиада чемпионы болу. Тынымсыз жаттығудың арқасында алты жыл ішінде Нұрасыл Оралбаев үлкен нәтижелерге қол жеткізді: Қазақстанның қола жүлдегері, Шымкенттің екі дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды.

Украинадағы біздің боксшымыздың өнері таңдай қақтырарлық болды. Турнирге әлемнің 8 елінен 350 мықты былғары қолғап шеберлері жиналды.

16 жастағы шымкенттік спортшы ринг иелерімен үш жекпе-жек өткізіп, сенімді жеңіске жетті. Нұрасыл турнирдің үздік боксшысы деп танылды.

Нұрасыл Оралбаев, боксшы: «Мен 3 жекпе-жек өткіздім, ең қиыны финалда украиндық жергілікті боксшымен болды, қарсылас жақсы, техника жағынан да қалыспады және мен тиісті өнер көрсеттім, солай жеңіске жеттім. Мен онда ешкімде жоқ әдісті көрсеттім, сол үшін де маған жүлде берді деп ойлаймын».

Бапкердің айтуынша, оның шәкірті соққыларды жібермей, қазақстандық өзіндік әдісті көрсеткен. Оылайша шапшаң қимылдап, ұпай жинаған.

Серік Ахашев, ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушысы: «Халықаралық аренаға шығып жеңіске жету қиын. Төрешілер әділ баға беруі үшін барыңды салу керек. Таланттар өте көп, Шымкент Қазақстан боксының ордасы деуге болады, бәсекелестіктің арқасында жігіттер өседі және нәтижелер көрсетеді».

Осы жылдан бастап Нұрасыл ОРАЛБАЕВ жастар санатына ауысады. Алда Қазақстан чемпионаты. Шымкенттік боксшы республикалық додаларда алтынға үміт артып отыр.

Әлихан Файзханов