Жауапсыз мердігерлер ісі сотта қаралады

193

Шымкент саябақтары мен гүлзарларын көгалдандырып, абаттандырушы және жалпы санитарлық жағдайға жауапты мердігерлердің жұмысын бақылау мәселесінде үлкен өзгерістер күтілуде. Енді өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған мердігер мекемелер жауапқа тартылады. Ал мемлекет меншігіне қол сұғушылар мәселесі сотта қаралады.

Саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау бойынша тікелей міндеттерін орындамайтын мердігерлерді жауапқа тарту қажет. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов полицейлерге дәл осылай деді. Саябақтар мен гүлзарлардың санитарлық жағдайы аудан әкімдерінің, жауапты басқарма басшыларының және экологиялық полиция өкілдерінің қатысуымен өткен жиынның басты тақырыбы болды.

Кей компаниялардың тендер нәтижелеріне байланысты наразылықтары туралы мәселесі назардан тыс қалмады. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қаланың саябақтарын, гүлзарлары мен субұрқақтарын қарауды сеніп тапсырған мердігерлер бұл жұмыстарға бұған дейін жауапты болған мекеме сорғыларды тапсырмаған деп шағымданған еді. Тіпті бірі саябақтан барлық контейнерлерді мүлдем алып кеткен болатын. Енді бұл бассыздықтарға нүкте қойылды.

Жиын соңында әкім орынбасары полиция қызметкерлерін тұрғындармен жұмыс істеуге шақырды. Оларға қоқыс тастауға мүлдем тыйым салынатындығы туралы түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілу керектігін айтты.

Сонымен қатар, Мәулен Айманбетов тазалық тазаланған жерде емес, тазалық сақталатын жерде екендігін ескертті.