Автобустардағы кондиционер қаншалықты зиян?

72

Ауа салқындатқышы бар қоғамдық көліктер ыстықтан мезі болған жолаушылар үшін таптырмас орын. Жаз мезгілінде кондиционерсіз жүру мүмкін емес дейді көбі. Алайда оның да денсаулыққа кері әсері бар екен. Ақ халаттылар салқындаймыз деп ауырып жатқан науқастар көп екенін алға тартып отыр.

Бүгінде жолаушылардың көбі үшін қоғамдық автобустарда ауа салқындатқыштың болғаны тиімді. Аптап ыстықтан қажыған жолаушылар бір сәтке болса да терімізді басып аламыз дейді. Бірақ әдеттегідей тұрғындардың пікірі екіге бөлінеді. Бірі қос десе, енді бірі өшіруін талап етеді.

Бүгінде Шымкентте 900 қоғамдық көлік жолаушы тасымалдап жүрсе, оның 600-інде кондиционер бар. Алдағы уақытта автобустарды жаңарту арқылы ауа салқындатқышы бар көлік санын арттыру көзделіп отыр екен.

Ал автобус тізгіндеген кейбір жүргізушілер кондиционердің болғанын дұрыс десе, енді бірі арнайы ескі автобусты таңдайды екен. Себебі ауа салқындатқышы бар қоғамдық көліктер қосымша отынды қажет ететін көрінеді. Оны көп қолданған жағдайда газ кешке дейін жетпей қалуы мүмкін. Қайта толтыруға мәжбүр боламыз дейді

Исамиддит Хашимов, автобус жүргізушісі: «Автобус газбен жүреді. Кейде жетеді, кейде жетпей қалады. Жетпей қалған кезде базға кіріп қайта толтырып шығамыз».

Шымкентте 2018 жылға дейін салқындатқышы бар автобустар мүлде болмаған. 3 жылдың ішінде халық үйреніп, талап күшейді дейді сала жауаптылары. Жолаушылар құрылғы істен шыққан мезетте транспорт басқармасына шағымдарын айтады екен. Бірақ оны орнына келтіру толығымен көлік компаниясының құзыретінде. Басқарма тек ескерту жасайды.

Наурыз Сүгіралиев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаысының бөлім басшысы: «Кез-келген көліктің қосымша құралдарын қосылған кезде қосымша қуаты кетеді. Сол қуатты шығару үшін арнайы тиісті деңгейде жанармайда шығынданады. Енді оның барлығын көлік компаниялары ескереді. Ол міндетті соған қажетті және жетерлік жанармаймен қамтамасыз етеді».

Ал ақ халаттылар кондиционер салдарынан сырқаттанып жатқан науқастардың көп екенін алға тартып отыр. Салқындатқышты қолданған жағдайда сыртқы ауа температурасынан 10-15 градус қана жоғары болуы керек. Сондай-ақ есік-терезелерді жабық ұстау міндетті дейді

Қуаныш Лекеров, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бөлім басшысы: «Негізі тұмаумен тек қана қыс мезгілінде ауырмайды. Онымен жаз мезгілінде де ауру мүмкін. Оған алып келетін себептер мынау күннің ыстығына байланысты ең басты мәселеміз кондиционер. Қоғамдық көліктердің ішінде де қазір кондерлар орналастырылған. Оған адамдар тікелей қарап тұрады. Ол кезде жоғары тыныс алу жүйесінде пневмонияның болуы, гаймориттің болуы мүмкін».

Дәрігерлер қоғамдық көлікте ережелерді сақтау мүмкін болмағандықтан кондиционерді мүмкіндігінше қоспауға кеңес береді

Мөлдір Ибадуллаева