Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жолдады. Ұлық күнде негізгі амалдардың бірі құрбандылық шалу екенін атап өткен ол мал бағасын шарықтатпай, халыққа оңтайлы баға ұсыну керек дейді.
Сондай-ақ мереке қарсаңында тауар бағаларына жеңілдік жасап, көптің ризашылығын алуға шақырады. Өйткені құрбандық еті мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратылады.
Наурызбай Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас муфти: «Мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айтқа санаулы күндер қалды. Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Сауаптар еселеніп жазылатын сәттерде Алла разылығы үшін елдің жағдайын ескеріп, тауар бағаларына жеңілдік жасап, әр отбасыға қуаныш пен мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысайық».
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау шаруалары жем-шөп тапшылығы салдарынан малдары қырылған болатын. Осыған орай дін өкілдері зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастады.
Игі іс аясында Қызылорда мен Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелту көзделіп отыр. Бас муфти барша қазақстандықтарды аталған акцияға қатысып, қол ұшын созуға шақырды.
Мөлдір Ибадуллаева