Мәжіліс депутаттары Шымкентте болды

78

Парламент Мәжілісінің депуттары Мәди Ахметов пен Тілектес Адамбеков Шымкентте болды. Жас депутаттардың халқының 23 пайызы жастардан тұратын үшінші мегаполисқа келуінің басты мақсаты — жастарды қолдау, мәселелерін тыңдап, шешілуіне ат салысу.

Шымкентке келген Мәжіліс депутаттары Мәди Ахметов пен Тілектес Адамбеков іс сапарын қалалық балалар ауруханасынан бастады. «Нұр Отан» партия атынан сайланған халық қалаулылары «Дәрігерлерді ардақтайық» шарасына қатысып, ақ халаттыларға өз ризашылықтарын жеткізді. Карантин кезінде олардың жұмысы ауыр екенін атап өткен партия мүшелері арнайы сый-сияпаттарын табыстады.

Жанар Бектаева, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
«Шымкент қаласындағы қоғамдық кеңесіміз бар. Жастарды қолдау жөніндегі. Солардың мүшелерімен бірлесіп акцияға қатысып отыр. Осы акцияның арқасында дәрігерлерге алғысын білдіріп, жастардардың мәселесі бойынша көптеген жастармен кездесіп мәселелерді талқыладық».

Халық қалаулылары студенттерге салынып жатқан жатақхана жұмысымен де танысты. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде дәл осындай 3 жатақхана құрылысы жүріп жатыр. Ал екеуінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен. Бас корпустың жанында орналасқан бұл студенттер үйі 400 шақты адамға лайықталған. Жоспар бойынша желтоқсан айында аяқталуы керек. Бірақ инвесторлар мерзімінен бұрын тапсырамыз деп ниеттеніп отыр.

Ел бойынша 35 жасқа дейінгі депутаттар саны — 616. Бұл жастарға артылған сенім дейді мәжілісмен Мәди Ахметов. Сондықтан ол Шымкентке арнайы ат басын бұрып, жас болса да халық арасындағы мәселелерге құлақ түруді жөн санапты.

Мәди Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «ҚР Мәжілісінің, «Нұр Отан» фракциясының депутаттары елді-елді жерлерге барып, сол жердегі «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуын қадағалап, халықпен кездесіп, өтініш тілектерді тыңдап, үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Бүкпесіз, боямасыз шынайы халықтың мұңын, өзекті мәселелерін шешуге ат салысу-бұл үлкен бір бізге жүктелген жұмыс».

Мөлдір Ибадуллаева