Өмірзақ Шөкеев: «Келіп жатқан суды тиімді пайдалану қажет»

133

Биыл Мақтаарал мен Жетісай ауданында 135,2 мың га суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, оның 77,5 гектарына мақта дақылы егілген. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданының шаруалары 30 пайыз, ал жетісайлық шаруалар 10 пайыз ғана суармалы жерлерін суғарып үлгеріпті.

Ал 1 тамыздан бастап Өзбекстаннан берілетін судың көлемі азаяды. Сондықтан қалған уақытты тиімді пайдалану қажет дейді сала жауаптылары.

1 тамызға дейін күнгей өңірдегі шаруалар егін алқаптарын суғарып алу қажет. Себебі, ағымдағы жылдың бірінші тамызынан бастап Өзбекстан Республикасынан келетін мемлекетаралық ағын су көлемі азаяды. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының шаруалары 30 пайыз, ал жетісайлық диқандар 10 пайыз ғана егістік жерлерін суғарып үлгеріпті.

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
«Мына мақтаның аса қауіпті өрмекші мен көсекқұртына байланысты химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге кешеуілдеу салдарынан ағын суды қазір тиімді пайдалана алмай отыр. Сондықтан Мақтаарал, Жетісай ауданынының агроқұрылымдарына біз Түркістан облысының әкімдігі назарларыңызға саламыз. Қазіргі таңдағы суды дер кезінде 1 тамызға дейін пайдаланып алуымыз қажет. Бұл агроқұрылымдарға сұраныс, бір жағы тапсырма, міндетті».

Ағымдағы жылы Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 135,2 мың га суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Ал оның 77,5 гектарында мақта дақылы. Қазіргі уақытта трансшекаралық «Достық» магистральды каналымен барлық егін алқабына ағын су беріліп жатыр.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қазір келіп жатқан суды тиімді пайдаланып, суғару жұмыстарын қарқынды жүргізуі қажет. Ол үшін ауызбіршілік маңызды рөл атқарады.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Ең бастысы – ауызбіршілігіміз. Ауданда ауызбіршілік болса, бір-бірімізді қолдасақ, ақсақалдар бар, белсенділер бар, депутаттар бар, әкімдер бар. Жұмылып, еңбек етпесе, ешқандай тірлік бітпейді. Біріксе, су да болады, мақта да болады, күріш те болады, бәрі де болады».

Айта кетейік, Мақтаарал мен Жетісай аудандарының шаруаларын ағын сумен қамтамасыз ету үшін су жіберу көлемі секундына 80 м3-тан 90 м3 дейін ұлғайтылды. Яғни, қазіргі таңда «Достық» магистральды каналымен секундына 92 м3 ағын су беріліп жатыр. Бірақ бұл бірінші тамызға дейін ғана.

                                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева