Жетісай ауданында жерасты суы көтеріліп, ауыл тұрғындарын әбігерге салып отыр. Баспанасын сыз алып, кейбірінің қабырғасы сөгілген. Үйсіз қалудың алдында тұрған олар дренаждарды реттеуді сұрайды. Ал аудан әкімдігі құжаттар дайындалғанын айтады. Мәселенің шешімі бар ма?
Бұл – Сәкен Сейфуллин ауылындағы үйлердің сиқы. Тұрғындар көтерілген жерасты суынан әбден мезі болған. Жаңбыр жауса су көтеріліп, баспаналарын ылғал тартады. Ауыл тұрғыны Ақмарал Жанбаеваның айтуынша, үйі тұруға жарамсыз. Ішіне адам кіруге қорқады. Әне-міне құлап қала ма деп алаңдап жүр. Қанша рет жөндегенімен қалпына келмеген.
АҚМАРАЛ ЖАНБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: «Төбесін жөндегенмен астынан зәктеп, ұрып, құлап жатыр. Төбелері құлап жатыр. Бір жерін түртсең, екінші жағы құлайды. Газ кіргізгенменен жылу жүргізе алмай отырмыз». 00:34
Зейнеткер Сара Ырысалиеваның да үйіндегі жағдай – осы. Баспанасының қабырғасы сыз тартып, құлап қалған. Жөндеуге келмеген соң жаңа шағын үй салуға мәжбүр болған.
САРА ЫРЫСАЛИЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: «Мына жаққа құлап қалғанына екі жыл болды. Соны қайта қалпына келтіре алмай жатырмыз. Ішіне кірсең құлап қалайын деп тұр. Балдарды басып қала ма деп қорқамын».
Жалпы Жетісай ауданында дәл осы Сәкен Сейфуллин ауылы сияқты жерасты суынан зардан шегіп отырған 30-ға тарта ауыл бар. Ауылда баспанасыз қалған жастар қалада пәтер жағалап жүр дейді тұрғындар. Олар жер асты суының көтерілуін дренаждардың істемей тұрғанынан көреді.
ӨТЕУЛІ АРАЛБАЙҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: «Бұрын Кеңес үкіметінің кезінде ауылымыздың үш бұрышында дренаж бар еді. Есігіміздің алдында жеміс ағаштары жайқалып тұратын еді. Есіктің алдына балаларға көкөніс егілетін еді. Қазір қурап кетеді. Жеміс ағаш түгілі қазір қара тал да қурап қалып жатыр ғой. Жастардың 40 проценті көшіп кетті ғой».
Ауыл әкімдігі қараусыз қалған су соратын қондырғыларды жөндеуге қомақты қаржы керек екенін хабарлады. Оған ауыдың бюджеті қауқарсыз көрінеді. Сондықтан аудан әкімдігіне ұсыныс жасалған.
НҰРДӘУЛЕТ ІКІМАТ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жалпы Жетісай ауданында 43 дана тік дренаж құрылысын жүргізу үшін қазіргы таңда сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған жобаларға сараптаманың оң қортындысы алынып болған соң, құрылысына аудандық немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынамыз».
Нақ қазір дренаждарға қаражаттың қашан бөлінетіні, не бөлінбейтіні беймәлім. Ал баспанасынан айырылып қалып жатқан ауыл тұрғындарының күтуден басқа амалы жоқ.
Дилара Иса






