ҚАЖ-лерін медициналық қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беріледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес ІІМ-нің тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер толығымен Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі.
Бұған дейін ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы отандық пенитенциарлық жүйенің жағдайын жақсарту қажеттігін айтқан болатын.
Осыған байланысты ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық реформаларының негізгі басымдықтары, бірінші кезекте, адам құқықтарын сақтау мен қорғауды, сотталғандарды ұстаудың жағдайларын жақсартуды, пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғыртуды айқындады.
– ІІМ-н тән емес функциялардан босату және пенитенциарлық жүйені жаңғырту жөніндегі реформа шеңберінде сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру зерттеудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне кеңінен қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ медицина қызметкерлері мекемелердің әкімшілігіне тәуелді болмайды, бұл болуы мүмкін заңсыз әрекеттерді жасыруды жояды, – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
ҚАЖ медициналық қамтамасыз ету жүйесі қызметтер ресурстары, сапасы және бақылау тұрғысынан азаматтық сектордың медициналық қызмет көрсетумен тең жағдайда емес екенін атап өткен жөн.
Негізгі проблема – медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі, бұл ретте ҚАЖ мекемелерінің медицина қызметкерлерінің жалақысы денсаулық сақтаудың азаматтық секторындағы медицина қызметкерлерінің жалақысымен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Сондай-ақ, азаматтық денсаулық сақтау саласында айтарлықтай материалдық-техникалық база және практикалық тәжірибесі мол білікті медицина мамандары бар.
Осыған байланысты, Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия ІІМ-нің ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз етуді Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру туралы ұсынысын қолдады. Бұл шара бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарды медициналық қамтамасыз етуді халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде халықаралық сарапшылар мен құқық қорғаушылар ІІМ-нің қылмыстық-атқару жүйесін реформалау аясында жасаған кезекті қадамын жоғары бағалады.
– Ұйымның Бас Ассамблеясы қабылдаған БҰҰ-ның ең төменгі стандартты ережелеріне сәйкес, сотталғандар қоғамда бар медициналық-санитарлық қызмет көрсету стандарттарымен қамтамасыз етілуі керек. Сондықтан, күзетпен ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын азаматтық ведомствоға беру – бұл шын мәнінде Қазақстандағы маңызды тарихи оқиға, – деп Орталық Азиядағы PRI Өкілдігінің басшысы Жанна Назарова атап өтіп, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің пенитенциарлық жүйе саласындағы жұмысын ерекше бағалады.
Анықтама ретінде: ҚАЖ жүйесінде барлығы 65 медициналық бөлім, 15 денсаулық сақтау пункті және штат саны 1 600-ге жуық медициналық персоналы бар 6 аурухана жұмыс істейді.