Шымкент: Вакцина салдырған студенттер қандай жеңілдіктерге ие болады?

198

Еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындарындағы студенттер және оқытушылар арасында коронавирусқа қарсы вакцина алу акциясы жалғасуда. Бұл жобаны Шымкенттегі бірқатар білім ордалары қолдап отыр. COVID-19-ға қарсы екпе алғандарға қандай жеңілдіктер беріледі, шарттары қандай?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы аясында ел бойынша студенттерді вакцина салдыруға ынталандыру акциясы жүріп жатыр. Бұл шараға Шымкенттегі бірқатар білім ордалары да атсалысуда.

Яғни, тәжівирусына қарсы екпе салдырған студент немесе оқытушы оқу орны тарапынан белгіленген жеңілдіктерге ие бола алады. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің магистратура түлегі Сәкен Сағындықов акцияға қатысуға бірден шешім қабылдаған. Вакцина салдыру арқылы денсаулығымды сақтап қана қоймай, берілетін жеңілдіктерге ие болуға мүмкіндігім бар дейді ол.

Сәкен Сағындықов, магистратура түлегі: «Маған ынталандыру вакцинациясының ұнаған тұсы мен өзім магистрантпын, докторантураға түсетін мақсатым бар. Ол үшін маған тойфул қажет. Сол ынталандырудың ішінде тойфул сертификаты қарастырылған. 5 рет тегін тапсыруға мүмкіндік беріп тұр. Мен бұл вакцинаны өз еркіммен алдым. Тек ынталандыру мақсатында ғана қызығып қоймай, денсаулығым үшін салдырдым».

Осылайша, білім ордасы халықтың денсаулығын қорғау үшін вакцинациялау қарқынын күшейтуді жөн көреді. Студенттер ғана емес, сондай-ақ, жоғары оқу орындарының екпе салдырған оқытушылары да материалдық ынталандыруға ие болады. Айта кетейік, бұл акцияға аталмыш оқу орнында тек 1 шілде мен 1 тамыз аралығында екпе еккен жандар ғана қатыса алады.

Заманбек Орынбеков, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ жастар орталығының директоры: «Ынталандыру жеңілдіктері қарастырылып отыр. Мысалы, студенттерге күнгейдің киелі өлкелеріне 1 күндік тур. Технолог лагеріне жазғы мектеп лагеріне 3 күндік демалыс. «Шымкент байк» 1 ай тегін жолдама. Ал оқытушыларға Сарыағаш санаторияға 10 жолдама, қызметкерлерге арналған жатақханада 1 ай тегін. Ақшалай сыйақы да қарастырылған».

Шымкентте бұдан бөлек тағы бірнеше оқу орны вакцина салдыру акциясын қолдап отыр. Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті. Бұл білім ордасында өз еркімен вакцина жасатқан әр төрт жүзінші студентке оқу ақысын төлеу кезінде 20% жеңілдік берілсе, ал бес жүзінші студентке сыйлық ретінде планшет табысталады екен.

Сондай-ақ, вакцинаны толық салдырған топтардың тәлімгерлері мен старосталарына 30-50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал «Орда» университеті екпе қабылдаған студенттер үшін оқу төлем ақысын төлейтін кезде 10-50%-ға дейінгі түрлі жеңілдіктер қарастырған.

Сондай-ақ, жазғы лагерьге 40 жолдама мен Түркістан облысының көрікті жерлеріне 1 күндік туристік сапар тарту етіледі.

Камила Есенғали