Шымкентте домбыра күні ерекше атап өтілді

267

Шымкентте Ұлттық домбыра күні атап өтілді. Карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты бұқаралық-мәдени іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылды.

Дегенмен, Арбат демалыс алаңында, яғни ашық аспан астында косплеер-әртістер костюмдер мен атрибуттардың көмегі арқылы танымал күйшілердің бейнесін сомдады. Қазақтың бас аспабын дәріптеген олар халықтың көңілінен шықты. Әрі жастарға үлгі бола білді дейді ұйымдастырушылар.

Домбыра жүздеген жылдар бойы қазақтың қуанышының да, қайғысының да куәсі болып келеді. Биыл елімізде домбыра күні төртінші рет атап өтілуде. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мереке 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген еді.

Ал 2014 жылы ЮНЕСКО дәстүрлі домбыра күйін орындау өнерін адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасы деп таныды. Домбыра күйі адамзаттың мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық мұра болды.

Айта кетейік, домбыра күні қарсаңында «Түркістан» сарайы мен Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ғимараттарына поп-арт стиліндегі ұлы күйшілердің үлкен портреттері ілінді.

                                     Мөлдір Ибадуллаева