Дәрігерлер: «Антиваксерлер елге қауіп төндіруде»

88

Шымкентте КВИ екпесін салдырған бірде-бір ауыр жағдайдағы науқас жоқ. Бұл туралы бүгін брифинг барысында Шымкент инфекциялық стационарының бас дәрігері Бақтығали Ережепов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір үшінші мегаполисте екі стационарда, яғни инфекциялық және мобильді ауруханада 345 адам емделуде, оның 149-ы реанимацияда жатыр. Сондай-ақ бас дәрігер ауыр жағдайдағы науқастар санының неліктен күрт артып отырғанын айтты.

Эпидахуалдың өршуіне антиваксерлердің әсері тиюде. Өйткені, вакцинациядан бас тарту өмірге қауіп төндіруі мүмкін дейді дәрігерлер. Сондай-ақ, ақ халаттылар коронавирус жұқтырған науқастар арасында вакцинацияланған адамдар бар екенін айтады. Бірақ саны аз және оларда ауру жеңіл деңгейде өтіп жатқандығын айтады.

Бақтығали Ережепов, Шымкент қалалық инфекциялық стационардың бас дәрігері: «Қалада анықталған науқастар санының тек 0,2 пайызы ғана вакцинацияланғандар. Оларда ауру өкпеге зақым келтірместен жеңіл түрде өтуде».

Мамандар қалған пациенттердің жағдайы өте қиын екенін айтады. Ал қауіпті дельта штамымен күресу үшін алғашқы 12 күн ішінде ем қабылдап бастау керек. Алайда, науқастар уақыт өткізіп, ауруды асқындырып барып ауруханаға келеді екен. Көбі үй жағдайында емделуді құп көреді.

Бақтығали Ережепов, Шымкент қалалық инфекциялық стационардың бас дәрігері: «Асардағы» инфекциялық және мобильдік ауруханада 490 төсек-орын дайындалды. Оның 345-і дәл қазір бос емес. Ондағы науқастардың 129-ы жансақтау бөлімінде. 88 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Науқастар бізге дертті асқындырып, 15-18-ші тәулікте ауыр халде түседі. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметкерлеріне де қазіргі таңда үлкен жауапкершілік артылып отыр».

Гүлнар Құрманбекова, Шымкент қаласының жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері: «Мысалы, өткен тәулікте бізге 2600 шақырту келіп түсті. Оның 400 – і пневмониямен ауырғандар. Біз 200 адамды ауруханаға жатқыздық. Олардың жағдайы аса ауыр болды, тіпті тасымалдау кезінде дем ала алмай, ентігіп кетті. Мұндай жағдайға жайбарақат қарау мүмкін емес».

«Атамекен» стационарында да жағдай күрделі. Онда төсек-орынның 75 пайызға бос емес. Қазір 355 науқас емделуде, оның 55 – інің жағдайы ауыр болса, реанимацияда – 30 науқас жатыр. Барлығында өкпенің зақымдануы 50 пайыздан асады. Пациенттердің бәрі алғашында үйінде ем қабылдаған.

Қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері КВИ жұқтырған жүкті әйелдер санының азаймай тұрғанын айтады. Дәл қазіргі таңда дәрігерлер 3 әйелдің өмірі үшін арпалысып жатыр.

Тимур Варзилов, Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері: «Қазір біздің стационарда коронавирус жұқтырған 160 жүкті әйел бар. Үшеуінің жағдайы ауыр, болжамымыз өте нашар болып тұр. Бізде әртүрлі асқынулардың қаупі артып отыр, сонымен қатар ұрықтың неонатальды өлімі жиілеп кетті».

Қаладағы эпидахуалды баяндаған ақ халаттылар халықты жаппай вакцина қабылдауға шақырады. Сонда ғана тәжівирусын жеңуге мүмкіндік бар. Егер сіз вакцинаға мүлдем қарсы болсаңыз, екпеге қарсы көрсетілімдері бар жақындарыңыз туралы ойланғаныңыз дұрыс. Өйткені, олардың өміріне қауіп келуі ықтимал.

Гүлнар Құрманбекова, Шымкент қаласының жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері: «Қанша үй қара жамылып жатыр, қанша ана жесір қалып, қанша бала жетім қалып жатыр, қанша біздің бауырларымыз анасы мен әкесін көміп, жетім қалып жатыр. Осыны тоқтатудың бір-ақ жолы бар. Үйде отыру керек, өзін сақтау керек, бауырын сақтау керек».

Антиваксерлерге келетін болсақ, қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан мұндай насихат елге қауіп төндіреді дейді дәрігерлер. Алайда, осы уақытқа дейін дәрігерлер де, тиісті басқарма, тіпті денсаулық сақтау министрлігі екпеге қатысты жалған ақпарат таратқан адамдарды жауапқа тартуды бастамаған.