Шымкенттіктер жаппай екпе қабылдауда

61

Шымкентте коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны азаймай тұр. Вакцина салдырушылар саны да күннен-күнге артып келеді. Күні кеше еліміздің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Онда вакцина салдырмаған азаматтардың жұмыстан шеттетілетіні туралы айтылған.

Шымкенттіктер екпе алу үшін кезекке тұра бастады. Көптеген азаматтар вакцина қабылдау дұрыс шешім деп таңдау жасап отыр. Дәрігерлер қалада ауру жұқтырушылар саны артқаннан кейін тұрғындар жаппай екпе қабылдай бастағанын айтады.

Чаросхон Атаходжаева, дәрігер: «Корона ауруының өршуіне байланысты кешегіге қарағанда бүгінгі таңда науқастардың келуі көбейді. Мысалы, кеше 1 компонентті алуға 180-нен астам адам келген болса, бүгін 200-ден көп адам келіп, өз қалауымен вакцина салдырып жатыр».

Күні кеше елдің бас санитар дәрігерінің қаулысы шықты. Бұдан былай екпе қабылдамаған қазақстандықтардың жұмысына шектеу қойылады. Сондықтан қызмет көрсету саласында тек вакцинация паспорты бар азаматтар ғана жұмыс істей алады. Олар: базарлар мен сауда үйлерінің, банктер мен білім, транспорт, мәдениет, денсаулық және тағы да басқа халыққа қызмет көрсету орындарының қызметкерлері.

Ал екпе алуға теріс көрсеткіші барларға екпе салдыру міндеттелмейді. Егер талап бұзылса, жұмыс берушіге шамамен 600 мыңнан астам теңге көлемінде айыппұл салынады. Мұндай шектеулерді естіген халықтың пікірі екіге бөлінді.

«Мен өзім дәрігермін, өзім вакцинация алдым. Міндетті түрде вакцинация алу керек деп ойлаймын. Қазіргі жағдай үнді штамы пайда болып жатыр. Соған байланысты бүкіл Қазақстан жағдайы келіп тұрса, вакцинация қарсы көрсеткіштері бар, алатын алмайтын пациенттер болып бөлінеді ғой. Соған қарағанда алу керек деп ойлаймын», дейді қала тұрғыны.

«Мен қарсымын. Себебі әркімнің өз еркі, таңдауы болу керек», -дейді тағы бір тұрғын.

Ал енді бірі «Мен вакцинаны қолдамаймын да, қарсы емеспін де. Ал мәжбүрлі екпеге қарсымын, өйткені әр адам өз еркімен салдыру керек деп есептеймін», – дейді.

Ал коронавирусқа қарсы екпе салдырғанды құптамайтын қызметкерлер аптасына бір рет ПТР сынамасын тапсырып тұруына тура келеді. Айта кетейік, жалған вакцинация паспортын сатқандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заңсыз құжатты қолданғандар да жауапқа тартылады.

Алихан Файзханов