Коронавирус індетіне қарсы ұжымдық иммунитетті тез арада қалыптастыруға шымкенттік кәсіпорындар да атсалысуда. Солардың бірі — Шымкенттегі «АГФ Групп» тігін фабрикасы.
«Вакцина өзіміздің, отбасымыз бен өндірістегі әріптестеріміздің қауіпсіздігі үшін маңызды»,- деген қызметкерлер кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істегенін қалайтындарын жеткізді.
Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан тігін фабрикасы нарықтағы ірі компаниялардың бірі IKEA-ның тапсырысын орындауда. Сәния Аманбаева фабриканың карантин режимінде үздіксіз жұмыс істегенін қалайды. Сондықтан коронавирусты жұқтыртып алмас үшін мамырда екпе салдырыпты.
«Өз еркіммен жасадым. Отбасымның амандығы үшін. Мен де көшеде жүремін, жұмысқа келеміз, автобуста жүреміз. Ұжым болып жұмыс істегендіктен өзімнің, отбасымның қауіпсіздігі үшін вакцинация жасаттым», -дейді «АГФ Групп» ЖШС-інің тігіншісі Сәния Аманбаева.
Тігін фабрикасында 250 адам жұмыс жасайды. Алдағы міндеттерді орындау үшін ұжым толық құрамда жұмыс істеуі керек. Ал коронавирус індетін алдын алудың бірден-бір жолы — вакцина салдыру екенін мұндағы қызметкерлер жақсы түсінеді.
«Жартысы бірінші компонетті, екіншілері екінші компонетті алуда. Екпенің маңыздылығын коллективті қорғаныс екенін түсіне бастады. Адамдар жұмысқа келеді, қалада жүреді. Бір жерде жұқтырып алса, вакцинациясы болмаса қауіпті, бір-біріне жұғады. Оның отбасына қауіпті. Өндіріс те тоқтап қалады. Соның барлығын түсіндіріп айттық», — дейді «АГФ Групп» ЖШС-інің бас инженері Кенжеқұл Мұратәлиев.
Өндіріс тоқтаса, жалақыдан қағылып, салдарынан отбасын асырау қиындайтынын түсінгендер екпе салдыруға кезекке тұрып, вакцина қабылдауда.
Шынар Оразова