Сарыағашта бірнеше ауылға табиғи газ тартылды

161

Сарыағаш ауданының жүздеген тұрғынының арманы орындалды. Көгілдір отынды жылдар бойы күткен қараша жұрт енді табиғи газға қол жеткізіп отыр. Бірнеше ауылға газ жүргізіліп,  ауыл халқы тіпті мереке ұйымдастырды.

Ауыл тұрғындары әлі де сене алар емес. Көмір мен от жағып келген оларға енді көгілдір отын келді. Қыстыгүні бір отбасының өзіне бірнеше тонна отын пайдалануға тура келетін еді.

Тамара Айбетова, Сарыағаш ауданы, Бағыс ауылының тұрғыны: «Осы үйге келін боп түскеніме 35 жыл болды. Сол 35 жыл бойы біз от жағып, күл шығарып, біраз қиналған жайымыз бар еді. Міне, елге рахмет. Ел басындағы ағаларымызға рахмет! Бүгін біздің отбасымызға, отанымызға көгілдір газ келіп, қуанышымызда шек жоқ. Қуанып жатырмыз».

Бағыс ауылы — Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан. Жиырма жылға жуық бұл елдімекен тіпті картаға енбеген болатын. Осы жылдың көктемінде Қазақстан Үкіметі Түркістан облысының шекарасын кеңейту туралы қаулы шығарды. Бағыс ресми түрде Қазақстанның аумағына кірді. Тұрғындарға құжаттар рәсімделіп, мүліктері тіркелді, ал бүгін олардың үйлерінде көптен күткен көгілдір отын пайда болды.

Сарыағаш ауданы Таскескен ауылында да елеулі оқиға болды. Мұндағы тұрғындардың да қуанышына себеп — елді мекенге де газ тартылды.

Сарыағаш ауданында 72 елдімекеннің 42 ауылы табиғи газбен қамтылған. Ал Келес ауданында 83 ауылдың 39-ында көгілдір отын бар. Түркістан облысын жалпы газдандыру үлесі 66 пайызға жетті.

Шалқар Омарбеков, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры: «Бүгінгі күні 2 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылып отыр. Ол Қақпақ пен Таскескен. 300 шақырымға жуық шақырым жерлер салынды. Ол дегеніміз 5 мың тұрғынға 3 ауданда газға қосылуға мүмкіндік пайда болды деген сөз».

Айта кетейік, жалпы алғанда 300 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылған. Нәтижесінде 5 мың отбасы табиғи газға қол жеткізді. Көгілдір отынға әлеуметтік сала мен кәсіпкерліктің 250 нысаны да қосылып отыр.