«Індетті басқа адамға әдейі жұқтырғандар күнә арқалайды». Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов осылай деп мәлімдеді. Сондай-ақ, дін өкілдері вакцина жайлы жалған ақпарат тарату да күнә дейді. Айтуларынша, аурудың алдын -алу мақсатында екпе қабылдауға рұқсат. Сондықтан, халықты жаппай вакцинациялауға шақырып, қала тұрғындарын адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға үгіттейді.

Коронавирус індетін басқа адамға әдейі жұқтырғандар күнә арқалайды. Бұл туралы Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов айтты. Оның сөзінше, егер адам вакцина алмай жұқпалы ауруды өзгеге әдейі жұқтырса және сақтық шараларына қарсы жұмыс істесе күнә алады. Бас имам ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбағанын айтады. Сондықтан, әрбір адамды өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын-алу жолдарын іздеуге шақырды.

Бақдәулет Абдрахманов, Шымкент қаласының бас имамы: «Кімде-кім бір адамның ауруына, дүниеден өтуіне себепкер болатын болса, бүкіл адамзатты өлтіргеннің күнәсін арқалайды. Адамзат деген Адам ата жартылғаннан бастап дүниеде ең соңғы қанша адам болады, сол адамның барлығының өлтіргеннің күнәсін алады деген. Өзі вакцина алмай өзгеге жұқтырып әдейі соған қарсы жұмыс істеп, сондай тірліктер істейтін болса, әрине, сол күнәні алады».

Бақдәулет Абдрахманов вакцина алу – мүбах, яғни рұқсат екенін жеткізді. Алайда, екпе алу әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы тиіс дейді. Сонымен қатар, имам медициналық білімі жоқ адамның вакцина зиян екен деп жалған ақпарат таратуы да күнә деп отыр. Өйткені, өзі білмей тұрып адамдарды білместікке шақырады. Бұдан өзге дін өкілдері көп адам жиналатын орындарға бармауды сұрайды.

Мұхаммеджан Естеміров, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары: «Қазақтарда көңіл айту дәстүрі бар. Дүние жүзіндегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мұны телефон арқылы жасауға болады. Бұл көңіл айту деп саналады. Құрметті азаматтар, біз мұны бүкіл халықтың денсаулығы үшін айтып отырмыз. Сондықтан үйден шықпай, адамдар көп жиналатын жерлерге бармаңыздар».

Үшінші мегаполисте 300 дін қызметкері болса, оның 89 пайызы вакцина қабылдаған екен. Ал, мешіттер қазір жабық. Онда жамағатпен құлшылық жасауға болмайды. Қаладағы мешіттерге «Ашық» бағдарламасы орнатылған. Дін өкілдері бұл біріншіден қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін дейді. Сондай-ақ, мешітке жеке мәселе және сұрақтармен келген адамдар бағдарлама арқылы кіреді алады.

 

[contact-form][contact-field label=»Name» type=»name» required=»true» /][contact-field label=»Email» type=»email» required=»true» /][contact-field label=»Website» type=»url» /][contact-field label=»Message» type=»textarea» /][/contact-form]