Пара беремін деп, болашағына балта шапты

212

«Отырар» телеарнасы түзеу мекемесіндегі тағдырлар топтамасын жалғастырады. Бүгінгі кейіпкеріміз елордалық жас жігіт. Ол тендер алу үшін шенеунікке пара бермек болған. Сол әрекеті үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Ұсынбақ болған сомасы да аз қаражат болмапты. Бар дүниесінен айырылған кәсіпкердің қазіргі жағдайы туралы толығырақ келесі сюжетте.

Шымкенттегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған жас жігіт жүзін көрсетпеуді және есімін атамауды сұрады. Сот үкімімен ол 7 жыл жаза арқалады. Құрал-жабдық жеткізіп беру үшін ойнатылған мемлекеттік сатып алу конкурсында ол шенеунікке 5 млн-нан астам теңге пара берген. Ол сол параны беру сәтінде ұсталған.

Жазасын өтеуші темір торға тоғытылғанға дейін болашағынан үміт күттіретін кәсіпкер, үлгілі отағасы болған. Жас жігіт қомақты ақшаға қызығып, бәрін жоғалтқанын мойындайды. Бойымды тек ашкөздік билеген екен деген ол онысы үшін өкінетінін айтады.

«Шымкент қаласының тумасымын. Жасым 29-да. Осы қалада туып өскем. Мен астанада жұмыс істедім. Сонда жұмыс істеп жүріп мемлекеттік қызметкердің көмекшісі болдым сот саласында. Одан кейін және жеке кәсіппен айналыстым. Өзімнің жеке компаниям тендермен айналыстық.  Мемлекет жаңағы қызметкерлерді ұстаған кезде менде осы мемлекеттік сатып алу конкурсы дейді ғой қызметкерлеріне пара берді деп ұстады. 367 бапты қойды. Сол бойынша қамалдым».

Жазасын өтеуші қателіктеріне тек өзін кінәлайды. Болашағынан үміт күткен ата-анасы мен отбасын ұятқа қалдырғаны үшін қысылады.

«Бостандыққа шығу керек. Бала-шағамның қасына барсам, әке-шешемнің қасына барсам. Және де менен кейінгі жастар, менің құрдастарым, ағаларымыз қызметте жүрген, бизнесте жүрген, осы қателікті істемесе, менде  арманым сол»,-дейді ол.

Түзеу мекемесінде жас жігіт бірнеше мамандықты игеріп алған. Қазір ас үйде жұмыс істеп жүр. Сот үкімімен ол өмір бойы мемлекеттік қызметші болу мүмкіндігінен айырылған. Қаржы мекемелерінде де жұмыс істей алмайды.

Айта кетейік, Шымкенттің жалпы режиміндегі ИЧ 167/3 мекемесіндегі жазасын өтеуші экс-шенеуніктердің көбі пара алу, пара беру қылмысы үшін сотталғандар.

Әлихан Файзханов