Шымкентте білім саласы қызметкерлерінің жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Шаһар басшысы қатысқан кеңесте қала педагогтары атқарылған істерді таразылап, алдағы міндеттерін айқындады. Ал үздіктерін қала әкімі мен білім беру басқармасының басшылығы «Құрмет грамоталары» және «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Дәстүрлі жиында Шымкент басшысы Мұрат Әйтенов жаңа оқу жылында балалардың денсаулығын сақтау бірінші кезектегі мәселе екендігіне көңіл бөлді. Сондай-ақ, ұстаздар қауымына жүктелген міндет пен қойылған талап әлдеқайда көп екенін айтты.
Ал, технология дамыған заманда интернет бала тәрбиесіне теріс ықпал ететінін ескеріп, ата-аналары мен ұстаздарға оқушылардың әлеуметтік желідегі белсенділігін бақылауда ұстауды ескертті.
Қала әкімінің сөзінше, зияткер ұрпақ тәрбиелеу — басты стратегиялық міндетіміз. Зияткерлік бәсеке орныққан бүгінгідей кезеңде балаларымыз өздерін күнделікті жетілдіруі тиіс деген қала басшысы ұстаздарға балаларымызды жан-жақты дамытуға шақырды. Сондай-ақ, педагогтарға жүктелген міндет пен қойылған талап әлдеқайда көп екенін сөз етті. Сонымен қатар, Мұрат Әйтенов дәстүрлі тамыз кеңесі өткен №65 мектепті аралап шықты.
Бүгінде үшінші мегаполисте білім ордаларын қаржыландыру нәтижесінде олардың санын арттыру жыл сайын өсіп келеді. Нақтырақ айтсақ, алдағы 5 жылда Шымкентте 72 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып, үш ауысымды мектептер мәселесі мен білім ұялары жоқ шағынаудандар мен тұрғын алаптарда жаңа мектептер салыну жоспарлануда.
Биылдың өзінде 32 мектептің құрылысы басталып, 20 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі екен. Ал 16 мектептің құрылысына жеке инвесторлар тартылған.
Педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясында сөз алған қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева өткен оқу жылында атқарылған істерге есеп беріп, болашаққа бағдар жасады. Бас ұстаздың айтуынша, ең бастысы, білім беру сапасына назар аудару қажет. Жалпы, өткен оқу жылын қала мектептері жақсы нәтижемен аяқтапты.
Қала әкімі білім сапасына үлкен мән беріп, кәсіби бағыттау жұмыстарын күшейтуді, ата-аналармен тиімді әрекеттестікті қамтамасыз етуді тапсырды. Жаңартылған білім беру жүйесіне көшу үшін ұстаздарды дайындау қажеттілігі де айтылды. Жиын барысында қаланың үздік деген ұстаздары қала әкімі мен білім басқармасы басшысының құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.