Абай ауданында сотталған азаматтарға азық-түлік таратылды

78

Шымкент қалалық Абай ауданы пробация бөлімшесінің қызметкерлері сотталған азаматтарға азық-түлік таратты. Үнемі әлеуметтік көмек беруге дайынбыз деген олар мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұратынын жеткізді. Ол пробация есебінде тұратын жандардың өмірге бейімделуіне септігін тигізеді екен.

Бұл сотталған азаматтарға берілетін азық-түлік. Шымкент қалалық №2 пробация бөлімінің өкілдері мен Абай аудандық әкімшілігі күнделікті тұрмысқа қажет бұл заттарды мұқтаж жандарға үлестіруді жөн санапты. Мұндай шараларды жиі ұйымдастырамыз деген бөлім басшысы бұл пробация есебінде тұратын азаматтарға сәл де болсын қолқабыс болатындығын жеткізді.

Есімхан Ережепов,  Шымкент қаласы бойынша ҚАЖД №2 пробация бөлімінің бастығы: «Қайырымдылық қайырлы іс демекші адам өміріндегі ең ізгі қасиеттердің бірі мұқтаж жандарға қамқор болу. Мынау пандемия қиын қыстау уақытта өмірде жаңылысып қадам басқан Абай ауданы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған азамат-азаматшаларға қазіргі таңда күнделікті тұрмысына қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатырмыз».

Азық-түлік алған азаматтар ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Ал көпбалалы аналарға учаскелік полиция қызметкерлері үйіне барып табыстады. Жалпы пробация қызметінің негізгі мақсаты қылмыстың алдын алу және есепте тұрған жандарды осы ортаға бейімдеу екенін айтқан олар қашан да қол ұшын созуға дайынбыз дейді.

Айта кетейік, үшінші мегаполиста пробация қызметінде есепте тұратын 436 азамат бар. Оларға әлеуметтік көмек тұрақты түрде көрсетіліп отырады. Яғни, сотталғандарға құқықтық, медициналық, психологиялық кеңестер беріледі. Сондай-ақ олардың жұмысқа орналасуына да жәрдемдеседі екен.

Мөлдір Ибадуллаева