Түркістан қаласы күн санап дамып, өркендеп келеді. Қаладағы құрылыс жұмыстары да жанданып тұр. Алайда, қаланың қақ ортасынан салынып жатқан тұрғын үй нысандары заңды ма? Аталған үйлердің мемлекеттік жобамен салынып жатқандығына көз жеткізу үшін түсірілім тобы Түркістан қаласына арнайы барып қайтқан еді.

 

Мемлекетке қажетті деген себеппен бұзылған қарапайым халықтың үйлерінің орнына бүгінгі таңда жеке зәулім үйлер салынуда. Мұнда ешқандай әлеуметтік нысанның жоқтығын өз көзімізбен көріп қайттық. Жеке компания салып жатқан тұрғын үй бағалары жүздеген миллион теңгеге бағаланып отырған көрінеді.

Бұл жер «әкімдіктің мұқтаждығы бойынша» деген сылтаумен мемлекеттен алынған. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Жер кодексінің 84-бабына сәйкес мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскелерін тек келесі жағдайларда сатып алуға болады:

ИНФОГРАФИКА:

1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған шарттардан туындайтын халықаралық мiндеттемелер болса;
2) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттар үшін жер беру және арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы мен олардың жұмыс істеуі;

3) пайдалы қазба кен орындарының табылуы және оларды қазу;

4) автомобиль және темір жолдардың құрылысы (реконструкциясы), әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация объектілерінің және авиатехникалық орталықтардың, теміржол көлігі объектілерінің, көпірлердің, метрополитендердің, тоннельдердің, энергетика жүйелері мен электр тарату желілері, байланыс желілері объектілерінің, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілердің, магистральдық құбырлардың, инженерлік-коммуникациялық желілердің, стратегиялық объектілерге жататын мұнай өңдеу өндірісі объектілерінің, концессиялық жобаларды іске асыру, елді мекендердің ортақ пайдалануындағы объектілердің құрылысы (реконструкциясы) болған жағдайда беріледі.

Зәулім үйлердің әлеуметтік нысанға жатпайдындығы белгілі. Енді, «салынып жатқан бұл нысандар мемлекеттік жобада бар ма?» деген сұрақтың жауабын білу үшін Түркістан қаласының әкімідігіне бардық. Алайда, құрылыс бөлімі басшысы бұл жобаға мемлекет тарапынан қаражат бөлінбегенін жеткізді.

Алмас Байжанов, Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:  «Аталған жеке тұрғын үйлер оларға мемлекет тарапынан қаржы бөлінген жоқ. Себебі ол жеке инвесторлар есебінен жүргізілуде. Олар заңды түрде рұқсатты құрылыс бақылау басқармасы, солардан рұқсат алып, солай жүргізіледі. Жерді сәулет және қала құрылысы бөлімінен, тарапынан келісіледі жерден қай жерден орналасатыны. Одан кейін өздері рұқсат алу арқылы құрылыстарын өздерінің қаражаттары арқылы жүргізеді».

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Түркістан қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімімен байланысуға тырыстық. Алайда, бөлім басшысы сұрағымызға жауап беруден бас тартты.

Түркістан қаласының әкімдігі сұрағымызға жауап беруден бас тартты. Әкімдік өкілі «басқа күні келіңіздер» деген сылтаумен жалтарып қашты. Енді «аталған үйлер мемлекеттік жобада бар ма?» деген сұрақтың жауабын облыстық әкімдіктен сұрап көреміз.

Бөлім басшысы сол кіргеннен қайта шыққан жоқ. Түсірілім тобы жарты сағатқа жуық күткен соң, облыстық әкімдікке барды. Алайда, сұрағымыздың жауабына онда да жауап берер жан табылмады. Дегенмен, бізге жауап беруден бас тартқан сәулет және қала құрылысы бөлім басшысын осында кездестірдік. Бұл жолы да «жиналысқа кетіп бара жатырмын» деген ол, мұнда да жауап бермей өте шықты.

Шенеуніктердің аталған нысанға байланысты ақпаратты не себепті жасырғаны белгісіз күйде қалды. Бұл аймақтың заңды нысан екенін дәлелдейтін қажетті құжаттарды сол күйі көре алмадық

Гүлдана Дәурен