Бизнес өкілдеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы таныстырылды

122

 

Бүгін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Шараға кеңес төрағасы М.Сейтжанов пен кеңес мүшелері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында Талғар Серікбаев қатысушыларға 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы жобасымен таныстырды.
Спикер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, бизнесті қорғау, оған қолайлы инвестициялық жағдай жасау, аталған саладағы проблемалар мен оларды шешу жолдарын қарастыру, бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Құжатты әзірлеу барысында сала өкілдері стратегияның мақсат-міндеттеріне, шетелдік тәжірибе мен халықаралық стандарттарға сүйенгендігін айтады. Басымдық адал бизнесті дамытуға беріліп отыр.

«Тұжырымдаманың маңызды басымдықтарының бірі адал бизнесті дамыту болып табылады» – дейді Т.Серікбаев. Тұжырымдамада бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуге ынталандыру көзделгендігін жеткізіп, Департаментпен жүзеге асырылып отырған «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы аясында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Кездесу барысында кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін өзекті проблемалық мәселелер талқыланып, бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.