Есірткіні насихаттаған 49 парақша бұғатталды

82

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары осындай есірткі құралдарын насихаттаған 49 әлеуметтік желі парақшалары мен сайттарды анықтап, оларға заң аясында шара қолданған. Сондай-ақ, қаламыздағы дәріханалардың бірінде құрамында психотропты белсенділігі бар дәрілер де сатылып келгені анықталған.

Бүгінде қалалық психикалық денсаулық орталығында 889 адам есірткіге тәуелді ретінде динамикалық бақылауда тұр. Бұл орталықтағы науқастардың басым бөлігі ер азаматтар. Солардың қатарындағы мына азамат синтетикалық есірткі заттарын осы уақытқа дейін пайдаланып келген. Бүгінде ол өткенінде жасаған әрекеттері үшін өкінетінін айтып, жастарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Кейіпкер: «Жасым 24-те. Есірткіні былтыр Тараз қаласына барғанымда қолдана бастадым. Сол жақта тұратын досым «жаңа нәрсені көресің бе?» деп маған ұсынған болатын. Бұған дейін дәріханалардың бірінен құрамында наркотикалық қоспасы бар препаратты қолданып, кейін анаша шегуді бастадым. Түсінгенім есірткі заты денсаулыққа өте қауіпті екен. Есірткі қолданамын деп 30 кг салмақ тастадым. Оны алғашында әлеуметтік желі арқылы сатып алатын едім. Бар тапқанымды есірткі сатып алуға жұмсайтынмын. Бұл тәуелділіктен арыла алмаған соң, өз еркіммен орталық көмегіне жүгінуге мәжбүр болдым».

Жыл басынан бері қаладағы дәріханаларға 3 рет «Дәрмек» жедел – профилактикалық тексеріс жүргізілген. Фармациялық бақылау қызметінің мамандарының айтуынша, қаламызда психотропты белсенділігі бар дәрілерді сатқаны үшін 7 субьектіге және жеке тұлғаларға 900 мың теңгені құрайтын айыппұл салынған.

Қазіргі таңда елді алаңдатып отырған жайттың бірі – синтетикалық есірткі заттарын жарнамалау мен әлеуметтік желі арқылы сату мәселесі екен. Заң өкілдері есірткі сатылатын сайттарды қаладағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына граффити-сурет салу арқылы жарнамаланғандарды анықтаған. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 724 есірткі сайттары жарнамаланған мекен жайлар анықталып, жойылған.

Мамандар қолайсыз ауа-райы, экологиялық мәселелер мен түрлі тұрмыстық ауыртпалықтар есірткімен әуестенуге итермелейді дейді.

Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері есірткіге қатысты жалпы 276 құқық бұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіш өткен салыстырғанда 65, 2 пайызға жоғары.

Айнұр Бекасанова