Шардара: Мектеп асханасында тиым салынған заттар сатылуда

268

Шардарадағы білім ордаларында шектеу шаралары басты назарда. Сол себепті қазіргі таңда қаладағы бірде-бір сынып карантинге жіберілмеген, оқушы оқшауланбаған. Бірақ, түсірілім тобы бас сұққан мектепте басқа мәселе бар. Онда мектеп асханасында тыйым салынған заттар сатылатын болып шықты. Ал мектеп директоры бұл жағдайды алдағы уақытта өз қадағалауыма аламын деді.

Шардарадағы Бердібек Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебі 2010 жылы салынған. Мұнда 796 оқушы 2 ауысым бойынша білім алып жатыр. Қалада карантин талаптарын қатаң сақтағандықтан, ешқандай сынып пен оқушы қашықтан оқуға жіберілмеген. Сабақ арасындағы үзілісте кварц-лампалары қосылады. Алайда әжетханасында ақау пайда болып, қазіргі таңда істен шыққан.

Гүлжан Ғаниева, Бердібек Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры: «Дәретхана қазір сыртта бізде. Жақында ішке орналастырылады. Неге десеңіз, мынау сырттағы су кететін жер сәл проблема болып тұр. Сол проблеманы бітіреміз, мектеп ішінде болады».

Ал мектеп асханасына бас сұққан сәтте оқушыларға пайдалануға тыйым салынған заттарды байқадық. Басшылық дәмхана қызметкерлеріне әрқашан осы тұрғыда ескерту жасайтынын айтады, бірақ құлақ аспайтын көрінеді.

«Неге саттыңыз, мен апта сайын келіп, осыны ескертіп тұрамын сатпаңыз деп, ал сіздер қойып қойдыңыздар. Ал сіздерге сатуға болмайтыны туралы апта сайын ескертіліп, бақылау жасалып тұр».

Мектеп директоры аталмыш жайтты өзімнің жіті бақылауыма аламын деп отыр. Алайда бұған дейін де сөрелерде самсап тұрған заттардың алдағы уақытта алына қоюы неғайбыл. Себебі, оны сатып жатқан кәсіпкерлер оқушының денсаулығына алаңдамайтын сыңайлы.

Әлихан Файзханов