Шардаралықтар таза ауыз суға жарымай отыр

151

Шардаралықтар таза ауыз суға жарымай отыр. Себебі, Сырдария өзені тартылып, Шардара су қоймасы толмай қалған. Айдындағы судың азайғаны сонша, деңгейі құбырлардан да төмен түсіп кеткен. Салдарынан тұрғындар тіршілік нәріне зәру болғандықтан, жергілікті биліктің тасымалдайтын ауыз суын сатып алуға мәжбүр.

Шардара қаласының тұрғыны Ольга Облова ес білгелі иісі жағымсыз, сарғыш суды пайдаланып келеді. Бірақ, оны күнделікті үй шаруасына қолданатынын айтады. Өйткені, оны тұтыну адам өміріне қауіпті дейді ол. Тиісінше, суды сүзгіден өткізетін құрылғыны пайдаланып, амалдап отыр. Ал тазалау құралы жоқтар, жергілікті биліктің тасымалдайтын ауыз суын сатып алып ішуге мәжбүр.

Ольга Облова, Шардара қаласының тұрғыны: «Менде алдын мынандай сүзгі бар еді. Қазір міне, осыны қойдырдым. Бұл сүзгі құрылғысынан таза су ағады. Ал құбыр шүмегінен осындай сары түсті су шығады. Ал иісіне шыдау тіпті мүмкін емес. Бұл суды ыдыс пен кір жууға ғана пайдаланамыз».

Ал қала әкімі тұрғындар ауыз судан тапшылық көріп отырғанын жасырмайды. Бірақ, ол бір ай бұрын еді дейді. Сөзінше, қазіргі таңда шардаралықтар тіршілік көзіне мұқтаж емес.

Ережеп Бекет, Шардара қаласының әкімі: «Өткен айда сондай болған жағдай. Яғни, 1 айдың төңірегінде ауыз суды тоқтатып берген жоқпыз. Су таситын көліктер қойғанбыз, көпқабатты тұрғын үйдің жанына 4 су тасығыш көлікті қойдық. Содан кейін 22 су тасығыш көлік тұрғындардың өтініші бойынша тарқатылды. Қазір енді ауыз су тұрақталды. Яғни, хауызға келіп түскен залалсыздандырылған су беріліп жатыр, барлық жерде қазір ауыз су бар».

Жауаптылар су түсінің өзгеруі мен одан шығып жатқан жағымсыз иісті Шардара су қоймасындағы судың төмен түсіп кетуімен байланыстырады. Оған биыл жауын-шашынның аз болуы мен қуаңшылық әсер еткен. Ал ондағы суды сүзгіден өткізіп, тазалайтын станцияның жұмысы судың деңгейіне тікелей байланысты.

Құрманғазы Акбаров, «Шардара Сервис» МКК директоры: «Себебі, біз жер асты суынан алмаймыз. Біз ашық айдыннан су аламыз. Оның өзгеру себебі, судың деңгейі ол. Көктем кезде барынша мол жиналған кезде, су мөлдір таза болады, күзге қарай енді ол жасыратын ештеңесі жоқ, сол үшін бізде СЭС-тің нұсқауымен біргелікте залалсыздандыру жұмыстарын жасап отырамыз. Бүгінгі таңда 50 кг қолданатын болсақ, көктемде 15-20 кг ғана қолданамыз. Бәрі судың сапасына байланысты. Ал судың сапасы біздің қолымыздағы нәрсе емес».

Сала мамандары мәселені шешу үшін Тама-Тастанбек жерасты су қорын пайдаланбақ. Ол Шардара қаласынан 34 шақырым жерде орналасқан. Көлдің сасық суын емес, жерастынан шыққан тұнық суды ішетін болады деп сендірді жауаптылар.

Әлихан Файзханов