Үшінші мегаполис бюджеті 491,6 млрд. теңгеге жетті. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс оныншы сессиясында «2021-2023 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу талқыланып, мәслихат хатшысының атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сондай-ақ, қала басшысы Мұрат Әйтенов халық қалаулыларына алғыс білдірді.
Шымкент әкімі қалалық мәслихаттың кезектен тыс оныншы сессиясында халық қалаулыларына алғысын білдірді. Барлық салада өсіп-даму бар деген мегаполис басшысы бюджеттің де 491,6 млрд. теңгеге жеткенін атап өтті.
Сондай-ақ, мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу нәтижесінде бөлінген қаржыдан 464,5 млн. теңге қысқартылыпты. Мұрат Әйтеновтың айтуынша үнемделген ақша инфрақұрылым дамуы және басқа маңызды шаруаларды іске асыру үшін қайта бағытталады. Бұл өзгеріс бюджетті сапалы әрі толық игеруге мүмкіндік береді екен.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Әр депутатымыз әр елді-мекенге барып мәселені көтеріп, өзекті мәселелелерді шығарып алдымызға қойып, көп мәселе тез арада шешіліп жатыр».
Бүгінде қалалық мәслихат депутаттарының 80 пайызы алғаш рет халық қалаулысы атанғандар. Осылай деген Бахадыр Нарымбетов атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Қала тұрғындарының мәселесі оң шешілуі үшін ат салысудамыз деген ол депутаттық корпус бюджет пен әлеуметтік даму бойынша білімін жетілдіріп жатқанын да тілге тиек етті.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихат хатшысы: «Өз қызметінде мәслихат қоғамдық маңызы бар салаларда белгіленген мемлекеттік стандарттарды ұстанады. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз етеді. 2021 жылдың 9 айында қала мәслихаты аппараты кеңсесіне 1 017 құжат келіп түсіп 953 шағым хаттар жолданды. Ұйымдастыру құқықтық мәселелер бойынша 95 өкім қабылданды. Жеке және заңды тұлғалардан 105 арыз өтініштер қаралып оның 87-і оң шешім қабылданды».
Депуттаттар сессияға қолын көтеру үшін ғана келе ме? Көптің көкейінде жүрген бұл сауалға қалалық мәслихат хатшысы жауап берді.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихат хатшысы: «Біз әр сессиядан алдын кемінде 5-6 отырыс өтеді. Ол кезде айқай да болады. Ол кезде тартыс та болады. Ренжу де болады. Тұрып кетіп қалу да болады. «Сендер түсінбейсіңдер» деп шығып кеткендер де болды. Ал сессияға шығаратын кезде ол кезде бізде ортақ келісім болады. Бізге түсіндірілген немесе оларға біз түсіндіріп. Халықтың мүддесі үшін шешілетін мәселе болған соң сессияға келісілген түрде шығады».
Айта кетейік ағымдағы жылдың 9 айында қала бюджеті әкімдіктің ұсынысымен 3 рет нақтыланды. Жыл басында бюджеттің жалпы соммасы 387,6 млрд. теңге болған еді.
Мөлдір Ибадуллаева