Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғын үй алу тізімінде түрлі санаттар бойынша 46 426 азамат тіркелген. Жыл сайын кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер белгіленген тәртіппен үлестіріліп келеді. Арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған.

Ал, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелік бағдарламалары ұсынылуда.

Азаматтардың баспана мәселесін шешу жолдары бүгін қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың тұрғындарды онлайн қабылдауында да қарастырылды. Қала басшысының орынбасары әр тұрғынның өтініш-талаптарын мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Ерғали Дәулетбекұлының айтуынша, баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау ретінде биыл жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй серитификатына 500 миллион теңге бөлініп отыр. Несиелік бағытта баспана алуға ниет білдіргендерге қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаға 1 миллион теңгеден берілуде. Бүгінде 132 азамат тұрғын үй сертификатын алып үлгерген. Өтінімдерді қабылдау 1 қазаннан бастап қайта басталады. Азаматтардың құжаттарын онлайн қабылдау «www.kezekte.kz» сайты арқылы жүзеге асырылады.

Ай сайынғы ақысын төлеп тұратын жалдамалы пәтерге қарағанда несиеге алынған баспана азаматтың өз мүлкі болатындығын атап өту қажет. Мәселен, қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері «Отбасы банк» арқылы кредиттік тұрғын үймен («5-20-25»бағыты бойынша) 729 азамат қамтылған болса, оның 261-і тұрғын үй кезегінде тіркелгендер.

Жыл басынан сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы екінші деңгейлі банктер арқылы 1362 азамат алғашқы тұрғын үйді нарықтан несие рәсімдеп сатып алған. «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 158 отбасы тұрғынжаймен қамтамасыз етілген.

Жыл соңына дейін 7-20-25, 5-10-20 (Шаңырақ), 5-20-25, 2-10-20 (Бақытты отбасы) жеңілдетілген кредиттік тұрғын үйлермен – 4 413 отбасыны қамту жоспарлануда.