Түркістан: 1000-нан астам бала — бақша жабылудың алдында тұр

102

Түркістан облысында 1000-нан астам жеке меншік бала-бақша жабылудың алдында тұр. Себебі, мемлекеттен бала басына берілетін субсиядияға үш жылдан бері жарымай келеді.

Мәселен, қаржыландыру өзге өңірдің қалаларда 37 мың теңге болса, ауылды жерлерінде 41 мың теңгені құраса, күнгейде бар-жоғы 25 мың теңге көлемінде алады. Жағдайларын айта-айта шенеуніктерге жақпай қалған бала-бақша өкілдері облыстық әкімдіктің алдына жиналды.

Қолдарына плакат алып, балабақшадағы жан басына қаржыландыруды көтеруді талап еткендер әкімдік алдына жиналды. Облыс бойынша 115 мыңнан астам бүлдіршінді тәрбилеп отырған жекеменшік бөбекжай басшылары Білім министрінің 2018 жылғы бұйрығының орындалмай отырғанына наразы. Яғни, қаражат тиісті ведомстводан бір түссе, кейін облыстық бюджеттен тағы түсетін көрінеді. Бірақ, бұйрық тек қағаз жүзінде болғандықтан бөлінетін ақша шығындарын мүлдем жаппайды екен.

Ділдар Хавивова, Үздіксіз білім беру қауымдастығының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры: «Сондықтан біздің білікті мамандарымыз, тәрбиешілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Жоғары санатты тәрбиешілеріміз базарға шығып істеп отыр. Жылыжайларға барып жұмыс істеп жатыр. «Апай біз бір күніне базарға шықсақ, 10 мың теңге табамыз. 60-70 мың теңгемен біз қалай күн көреміз. Қалай бала-шағамызды асыраймыз?» деп отыр».

Бозторғайдай шырылдаған жекеменшік балабақша өкілдерін, жауапты шенділер бірден әкімдік алдынан алып кетіп, залға кіргізіп сөйлесуді жөн санады. Тіпті, облыс әкімнің бір емес, екі бірдей орынбасары мәселенің мән-жайын түсіндіруге тырысып бақты. Салған жерден ақша жоқ деген Шөкеевтің орынбасарына жиналғандар сұрақты төтесінен қойды.

Өтепберген Атажан, жеке меншік бала-бақша құрылтайшысы: «Осы басқармада 9 млрд. ақшаны жымқырған адамдар жауапқа тартылып, іс қозғалып жатыр. Оның бәріне қол қойған мына – Сәкен. Оны мен айтайын түсінікті қылып, колледждерге берілетін грантты бұл кісілер сатқан. Оны аудит тексеріп, іс қозғаған. Бірақ қимылдамай тұр іс».

Мемлекеттік бағдарламаны орындап, бөбекжай тапшылығын жоюға септігін тигіздік деген жекеменшік балабақша өкілдерінің тиісті басқарма мамандарының жұмысына көңілдері толмайды. Ал шенеуніктер олардың жағдайын министрліктерге және мәжілісмендерге жеткіздік дейді. Бар гәп, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға ілінбей қалғандарында екен.

Амантай Өсербаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Біз осы мәселені көтеріп келе жатқан кезімізде, Білім және ғылым минстрлігі тарапынан бізден қолдау тапты. Оны Қаржы министрілігіне, оны Білім министрлігі ұсынды. Бірнеше рет ұсынды. Қазір Қаржы министрлігінен қолдау таппай отыр. Бюджет тапшылығынан».

Осылайша, шенеуніктер әр министрлікті кінәлап, ақыры соңында ашынған жұртпен бірге ведомстволарға петиция жазып, мәселені шешуге атсалысамыз деп сендірді. Ал жағдай жуық арада реттелмей, балабақшалар жабылатын болса, 40 мыңға жуық адам жұмыссыз қалмақ.

Ғалымжан Кенжебек