Түркістан: 8 айда МӘМС қоры есебінен балаларға 18 ота жасалған

74

Түркістан облысында биылдың 8 айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен 18 ота жасалған. Ал күңгей өңірінде жыл сайын балаларға жүздеген жоғары технологиялық ота түрі жасалады.

Түркістан облыстық балалар ауруханасының кардиохирургия бөлімшесіне 2 айлық нәресте Шымкент қаласының қалалық балалар ауруханасынан санавиация желісі бойынша ауыр жағдайда түскен.

Айта кетерлігі, босану кезінде балада ақау анықталмаған. Облыстық балалар ауруханасындағы кардиохирургпен кеңескенде баладан күрделі көк жүрек ақауын анықтады. Кардиологиялық көмек көрсету үшін ол шұғыл тәртіпте кардиореанимация бөлімшесіне ауыстырылған.

Түркістан облыстық балалар ауруханасының білікті дәрігерлері мен кардиохирургтары нәрестеге туа біткен жүрек ақауын жою бойынша күрделі ота жасады. Отадан кейінгі кезеңде жүргізілген қарқынды терапия жұмыстарының нәтижесінде нәрестенің жағдайы жақсарған.

Бүгінде бала ауруханадан үйіне шығарылып, амбулаториялық бақылауға алынды. Айта кетейік, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қазақстандық дәрігерлердің оқуына және біліктілігін арттыруға ақы төлейді.

Жанерке Хумар