Ұлттық халық санағының аяқталуына 25 күн қалды. Халықтың барын бағамдап, тұтас мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызы орасан шарада тұрғындардың белсенділігі қажет. Шымкент қаласы бойынша әзірге санаққа қатысуға белсенділіктің төмендігі байқалады. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың төрағалығымен өткен жиналыс барысында атап көрсетілді.
Жұмыс қарқынын қатаң сынға алған қала басшысының орынбасары, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына Ұлттық статистика бюросы департаментінің мамандарымен өзара бірлескен жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ерғали Дәулетбекұлы сондай-ақ, санақ персоналының қауіпсіздігін қадағалап, көше немесе үй басқарушыларымен бірге тұрғындардың санақтан өтуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Өйткені, Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Сырым Мәдиевтің айтуынша көп жағдайда тұрғындардың есік ашпай, дөрекілік танытып, сауалнамадан өтуден бас тарту сияқты кедергілері орын алуда.
Жалпы, онлайн санақтан 15-ші қазанға дейін sanaq.gov.kz сайты арқылы өтуге болады. Жиында келтірілген мәліметке сүйенсек, Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңға 241 750 адам, яғни халықтың 22,0% интернет желісі арқылы онлайн режимде санақтан өткен. 1-30 қазан аралығында дәстүрлі халық санағы өтеді. Ұлттық халық санағын өткізуге бір мыңнан астам интервьер үй-үйді аралауға кіріскен.