Шымкентте лифттердің қауіпсіздігін күшейту шаралары қолға алынуда. Бұл мәселе қаланың ішкі нарығын қорғау бойынша штаб отырысында негізгі түйткіл ретінде қаралды. Мамандар жедел сатыны пайдалану талаптарын талқылап, сертификатталмаған жабдықтың әкелінуін болдырмау жолдарын қарастырды. Лифттер қаншалықты қауіпсіз? Және оларды тексеру қалай жүргізіледі?
Естеріңізде болса бұған дейін қаладағы тұрғын үйлердің біріндегі лифт істен шығып 12-қабаттан 7-қабатқа дейін құлдилаған болатын. Жедел саты ішіндегі қыз зардап шеккен. Дәл осы оқиға лифттердің қауіпсіздігін қайта қарауға түрткі болды.
ЕҢЛІК ЖАНТАЙ, ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ КОМИТЕТІНІҢ ҚАЛАЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Лифттерден туатын келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін, қауіпті жағдайларды болдырмау үшін бізде бүгін біраз мәселелер көтерілді. Шыны керек сәйкестік құжатын тексеріп болғаннан кейін, ары қарай жергілікті органдардың құзырына кіреді. Тексеру жұмыстары. Алдағы уақытта сол кісілермен де бірлесе отырып жұмыс жасайтындығы алға тартылды».
Шымкентте бүгінде 1441 лифт жұмыс істеп тұр. Оның 1113-і көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан. Ескі лифттерді ауыстыру екі жолмен жүзеге асады: тұрғындардың өз қаражаты есебінен немесе модернизация бағдарламасы арқылы. Егер тұрғындар екінші нұсқаны таңдаса, қажетті қаражатты бірден емес, кезең-кезеңімен төлеуге мүмкіндік бар. Бұл тұрғындарға қаржылық тұрғыда жеңілдік жасап, лифт қауіпсіздігін жақсартуға жол ашады.
МӘЛІК ӘБДІНҰРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ОРТА САПАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Тұрғындар сол лифтілердің мүлік иесі болып табылады. Бізде 21 аттестатталған компания бар. Соның тұрғындар өздері таңдап, сол мекемемен келісімшартқа отырады».
Қазірде мегаполисте көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін небәрі 21 аттестатталған компания бар. Дегенмен, кейбір үйлер Мүлік иелерінің бірлестігі арқылы өзін-өзі басқару жүйесіне өткен. Мұндай жағдайда үйдің күтімі мен лифт қауіпсіздігіне қатысты барлық жауапкершілік тұрғындардың өзіне жүктеледі.
Ботакөз Әнуар






