Шымкент қалалық №2 емхана қызметкерлері бүгін жұмыс орындарына кіре алмады. Мемлекеттік мекеме осы уақытқа дейін жекенің ғимаратын жалға алып жұмыс жасап келе жатқан. Енді нысанның жаңа иесі күзет қойып, оларды ішке кіргізуге үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Осыған наразы болған ақ халаттылар мен емделушілер емхана алдында жиналды.
№2 қалалық емхананың емделушілері бүгін осылай далада қалды. Бірі ем алуға, енді бірі дәрігер кеңесін сұрауға келген, бірақ, мамандар бар болғанымен, оларға жәрдем беретін мүмкіндігі болмады. Күзетте тұрғандар емхана жабық деп ешкімді кіргізбей қойған.
Жалғасбек Тұрғымбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүгін дәрі алуым керек, соған келгем ғой, сөйтсем дарбаза жабық, әрең кіргізді. Емханамыз жабылады дейді, барлық жағдай жасалған, физ кабинет бәрін дайындаған. Соны жабады дейді, шақырды, келдік. Сонда қалай, денсаулығымыздан артық болды ма? Қандай мәселемен алмақшы мұны? Түсінбедік қой біз бұны».
Аталған мекемеге 60000 тұрғын тіркелген және 409 қызметкер жұмыс істейді екен. Алайда, жаңадан қойылған күзет, емханаға науқастар тұрмақ медициналық қызметкерлерді де кіргізбей қойған. 10 қарашадан бастап еңбек демалысына шыққан бас дәрігер де болған оқиғаны естіп, осында келген. Әрі-бері көшіп шаршаған медицина қызметкерлері «ғимаратты сатып алған кім болса да, бізді жылы орнымыздан қозғамасын» деп отыр.
Нұрбике Әденбаева, №2 қалалық емхананың бас дәрігері: «Азанымен біздің сыртқы есігімізді жауып тастады. Қызметкерлерді де кіргізбеді. Біздің пациенттер де сыртта тұрды. Біз негізі шаршадық. Мына емханадағы барлығымыз бізді ары-бері көшіре беруден шаршадық. Бүгіннен бастап бізді жауып жатыр, басқа бір компания алды, сол жаққа қарай кетесіңдер дейді. Енді біздің пациенттеріміз де, біздің өзіміз де шаршадық әр жерге көше беруден. Осы жерде қалуды қалаймыз».
Рахат Жұмабаева, №2 қалалық емханасының медбикесі: «1 жарым жыл алдын бізді өздері арендатордың өзі затымыздың бәрін көшіріп орнатып, мына жер жаңа нысан екен деп. Пациенттеріміз де енді үйренді. Орналасып, енді жұмыс істеп жатқанда міне, азанда осындай жағдай болды. Бұл нысан қазір заманымызға сай, таза аймақ, фильтр изолятор бәрін салып берген».
Қаланың бас дәрігері болған оқиғаға байланысты жарытып ештеңе айта алмады. Сөзінше, емхананы сенімгерлік басқармасы жекеге өткізген. Алайда, ғимаратты кім сатып алғаны оған да белгісіз.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Жалға берушінің тарапынан түсініспеушіліктер орын алды. Ғимаратты жауып, халықты ішке кіргізгісі келмеді, бірақ қазір бәрін шештік. Біз бұл жағдайды кеше кешкісін білдік, бірақ мұның бәрі заңды. Емхана да, қызметкерлер де бұрынғыша жұмыс істей береді, бәрі өзгеріссіз қалады».
№2 қалалық емхана қаладағы ең ірі медициналық мекемелердің бірі. Қызметкерлер де осы ғимаратта жұмыс істеп үйреніп қалғанын айтады. 5 жылда 3 рет орын ауыстырып мезі болған мекеме қызметкерлері енді ешқайда кетпейміз деп отыр.
Гүлдана Дәурен